Қиранды астында 296 сағат жатты: Түркияда 13 күннен кейін үш адам құтқарылды

Азамат Ахметов
Фото: «Анадолы» агенттігі

Түркияның оңтүстігіндегі Хатай провинциясында жойқын жер сілкінісінен 13 күн өткеннен кейін қиранды астынан үш адам құтқарылды.Бұл туралы Qonaev.info «Анадолы» агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Оқиға Антакья қаласында болды. Онда құтқарушылар Түрікменбашы көшесіндегі генерал Шүкру Канатлы кварталындағы үйді қазу жұмысын жүргізген.

Зілзаладан кейін 296 сағаттан соң Самир Мухаммед, Рагда Аджар және олардың баласы құтқарылды. Құтқарылған үш адамға алғашқы медициналық көмек дереу көрсетіліп, бірден ауруханаға жіберілді. 

Дәрігерлердің көрсеткен көмегіне қарамастан 12 жастағы бала қайтыс болды. Жер сілкінісінен бұл отбасының екі баласы опат болғаны анықталды.

Айта кетейік, 6 ақпан күні Кахраманмарашта магнитудасы 7 балдан асатын екі жер сілкінісі болды. Жер сілкінісі елдің 10 провинциясында, сондай-ақ көршілес мемлекеттерде, соның ішінде Сирияда да сезілді. Түркияда жойқын зілзаладан кейін қаза болғандар саны 40 мың адамға жуықтады.