«Атамекен» Ұлттық кәсіпкер палатасын жаңғыртуға қатысты жүргізілген сауалнамада отандық кәсіпкерлер аьталған ұйымды мүлдем жауып тастау керектігін айтты. Бұл туралы ҚР Президенті Әкімшілігі мемлекеттік басқару бөлімінің меңгерушісі Әлтайыр Ахмет өзінің Facebook-парақшасында жазды.
Аталған сауалнаманың қорытындысы 25 қаңтарда анықталған. Онда дауыс берген кәсіпкерлердің 43% «Атамекенді» мүлдем жауып тастау керек деп есептейді. Өйткені, оны жаңғыртқаннан көрі мүлдем жауып тастаған барлық тарапқа тиімді дейді олар.
Сауалнамада компанияның құзыретін кеңейту және күшейту (9%), жарнаны азайту (9%) және ұйымды трансформациялау (9%) деген өзге де нұсқалар болған.
Кәсіпкерлер «Атамекен» палатасымен бірге «Самұрық Қазына» Ұлттық әл-ауқат қорын да жауып тастау керек деген пікірде.
Ескес салайық, биыл 17 қаңтарға дейін «Атамекен» ҰКП-ны Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы, миллиардер Тимур Құлыбаев басқарып келген болатын. Ол аталған қызметтен кеткені жөнінде үндеу жазып қалдырды.