Болат Назарбаев «Алтын Орда» базары үшін қанша салық төлегені белгілі болды

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Осыдан бірер күн бұрын Алматы облысында тіркелген «Алтын Орда базары» ЖШС-нің жабылғаны туралы ақпарат тараған болатын. Компанияны жабуға Алматы облысы мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының шешісі себеп болған.

Осы жаңалық тарағаннан кейін қазақстандықтардың көбі мұны Болат Назарбаевтың Алматыдағы «Алтын Орда» базарымен шатастырды. Алайда, кейін белгілі болғаны, жабылған компанияның аталған базарға еш қатысы жоқ. Ал, базарға өзге екі компания иелік етіп келген. Екеуі де Нұрсұлтан Назарбаевтың інісі Болатқа тиесілі деп жазады Ratel.kz.

Алматы облысы Қарасай ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары Анарбек Сейітовтің айтуынша, «Алтын Орда» базары KURYLYS LTD ЖШС мен Altyn Orda Qaz Trade Ltd ЖШС-на тиесілі. Екеуі де Болат Назарбаевпен тікелей байланысты.

Қос компанияның бюджетке түсірген салығына қарасақ, екеуі де «күнін әзер көріп отыр» деуге болады. Сауда қыз-қыз қайнап жатқан базардың иелері соңғы жеті жылда бюджетке небәрі 400 млн теңге төлеген. Ал, осы базармен шамалас «Магнум» сауда үйінің өзі тек 2021 жылы 13,8 млрд теңге салық төлеген.

Болат Назарбаев басқаратын компаниялардың бюджетке неліктен осыншама аз салық түсіргенін базардағы сауданың аздығымен түсіндіруге тырысады. Алайда, алматылықтар «Алтын Орданың» қаншалықты үлкен екенін және онда адам аяғы үзілмейтінін жақсы біледі.