Алматының бұрынғы бас имамы Мамай туралы: садақаны саяси ойынға айналдыру мұсылмандыққа жатпайды

Азамат Ахметов

Жанболат Мамай сот шығынына төлеуі тиіс қаражатты халықтан жинап жатыр

Білікті теолог, Нұр-Мүбарак университетінің PhD-докторанты, Алматы қаласының бұрынғы бас имамы Еркінбек Шоқай қоғам белсендісі Жанболат Мамайды негізсіз айыптаулардан аулақ болуға шақырды.

Ол Facebook желісіндегі парақшасында бүгінгі қоғамда сырты мұсылман, іші басқаша тұлғалар көбейіп бара жатқанын айтты.

Өкінішке қарай, мұны былай қойғанда, алыс-жақын шет елдерде асыл дінімізді саясаттың құралына айналдырып жатыр, деді Алматы қаласының бұрынғы имамы.

«Осының бір көрінісі, бүгін Байбек мырзадан сотта жеңілген белсендінің жазбасын көрдім. Ол сотта жеңілген соң өзі төлеуі қажет сот шығындарын садақа жинап өтемекші екен. Ал қасиетті дініміздегі «садақа» дегеніміз не? «Садақа» сөзі адалдық, шынайылық, шыншылдық, құдайшылдық деген мағыналарға саяды. Садақа арқылы пенде өзінің Алла алдындағы адалдығын, сенімінің шынайылығын дәлелдейді», - деп жазады Еркінбек Шоқай.

Білікті теолог садақа мен жасалған жақсылық жасырын болуы және игі іске, қайрымдылыққа, мұқтаж жандарға берілуі қажет екенін баса айттты.

«Белсендінің сот шығындары бойынша өз мойнындағы қарызын өтеуге садақа жинаймын деп жариялауы сарказмға саятын әрекет екені көрініп ақ тұр. Діни тұрғыдан қасиетті ұғымдарды келекеге ұшырату ұлтымыздың ешбір құндылығына сай емес пиғыл. Еш адамгершілік және моральдық қисынға келмейтін әрекет. Қасиетті құлшылық амалы – садақаны саяси ойынға айналдырып, хайп жасауы әрине мұсылмандыққа жатпайды!», - деді Шоқай.

Сізге қызықты болады