Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Маңғыстауда 90-ға жуық түлек әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Азамат Ахметов

Маңғыстауда 90-ға жуық түлек әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды Polisia.kz.

Маңғыстау облысы көлемінде жалпы білім беру ұйымдарында оқу жылының аяқталуына байланысты соңғы қоңырау іс-шарасы кезінде оқушылардың қауіпсіздігін, қоғамдық тәртіпті сақтау және жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қызметкерлер мен қосымша күштер  ұйымдастырылды. Аталған іс-шараға облыс бойынша барлығы 346 қызметкер жұмылдырылды.

Биыл 7002 жас түлек мектеп бітіріп, соңғы қоңырау облыс бойынша барлығы 142 жалпы білім беру ұйымдарында өткізілді. Мектеп бітіруші жас түлектер серуендейтін теңіз жағалауына және қаламыздың көрнекі жерлеріне жаяу полиция жасақтары, ювеналдық, учаскелік және патрульдік инспектор қызметкерлері және көлік жасақтары қойылып, түнгі мезгілде көшелер мен қоғамдық орындарда, ойын-сауық орындарында жасақтардың қызметі нығайтылды. Өткізілген іс-шара кезінде облыс аумағында жасөспірімдер арасында қылмыстық оқиға тіркелген жоқ.

«Жас түлектер автокөліктермен шерулер ұйымдастырып, жол-қозғалысы ережелерін бұзғаны жөнінде әлеуметтік желілерге әр түрлі сипаттағы бейнероликтер жариялады. Құқықбұзушылық жасаған автокөлік жүргізушілері анықталып, жол қозғалысы ережелерін бұзғандары үшін 89 адамға қатысты барлығы 119 әкімшілік іс құжаттары жинақталып, оның ішінде 35 автокөлік арнайы айыптұрақтарға жабылды», - делінген хабарламада.

Түлектер жасаған құқықбұзушылықтардың басым көпшілігі көлік терезесінен басын шығарып, өз өміріне қауіп төндіру дерегі болды. Бұл үшін ҚР ӘҚБтК-нің 593-бабы 2-бөлігімен барлығы 55 әкімшілік хаттама жасақталды. Сондай-ақ көлік құралдарының пайдалану қағидаларын бұзған 17 жүргізуші анықталып, оларға қатысты ӘҚБтК-нің 590-бабының әр түрлі бөліктері бойынша жауапкершілікке тартылды. Көлікті құжатсыз басқарған немесе мүлде жүргізуші куәліктері жоқ 16 жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 612-бабы бойынша хаттама толтырылса, бес жүргізушінің көлікті басқара отырып, сақтандыру полисіне тіркелмегені анықталды.

Полиция тарапынан сан түрлі ескертулердің болуына қарамастан, жас түлектер құқықбұзушылықтарды саналы түрде жасап, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзды. Осыған орай тәртіп сақшыларының тарапынан да барлық тиісті шарасы қабылданып, заң аясында барлық жүргізушілер жауапқа тартылды.

Сізге қызықты болады