Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Түркістан облысында 8 жасар қызды өгей әкесі зорлаған

Азамат Ахметов
Фото: ашық дереккөзден

Түркістан облысында 8 жасар қызды өгей әкесі зорлаған. Дәрігерлер баланың өмірін аман сақтап қалу үшін, оның жатырын алып тастауға мәжбүр болыпты. Жеткіншектің анасы бауыр етінің бақытты балалық шағын ұрлаған адам қатаң жазалансын дейді, деп хабарлайды Qonaev.info тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Қыздың анасының айтуынша, сұмдық жағдай 23 ақпан күні болған. Оның ауруханаға кеткен сәтін пайдаланған күйеуі көрші ауылдағы бағып жүрген малын тастап, үйге жеткен көрінеді. Үшінші сыныпта оқитын қызымды зорлаған дейді. Көп қан жоғалтқан кішкентай қызды онан кейін сабаққа жіберген. Бастапқыда «құлап қалды» деп сылтауратқанмен, артынша кешірім сұрап мойындапты. Енді «есімді білмеймін» деп басқа сөйлеп отыр дейді.

«Оқиғаны балам да көрген. Балама «кет» деген ғой, пердені ашып қарап тұрған балама «кет» деп айтқан ғой. Соны кеше ит мойындап отыр. Маған керек емес ондай ит, қоғамға да керек емес адам ол», - дейді қыздың анасы Райхан.

Анасының айтуынша, 8 жасар қызға екі рет операция жасалған. Тік ішегін бірнеше жерден тіккен дәрігерлер ақыры жатырын  алып тастауға мәжбүр болыпты. Қызымның ана болу мүмкіндігінен айырылғанын жақында ғана сотта естідім деп есеңгірейді. Күйеуімен жұптасқан 3,5 жылдан бері «қызыма азғындық әрекет жасап келгенін де енді біліп отырмын» дейді.   

«Мамаңа айтсаң сені тұншықтырып өлтіремін, мамаңды өлтіремін де, сені балалар үйіне өткізіп жіберемін, балалар үйіне өткеннен кейін сен үлкен болған соң сені қатын қылып аламын қайтадан» деп қорқытқан. Оны әлі күнге дейін маған айтады. «Мама, маған сөйтіп айтты» деп әлі күнге дейін айтады. Әлі күнге дейін шошып оянады», - дейді қыздың анасы.

Шымкенттегі арнайы орталық директоры Малика Жүсіпова өрімдей қыздардың өмірін талқандайтын жағдай тым жиілеп кеткенін айтады. Педофилдерге берілетін жазаны қатайту керек деп дабыл қағып отыр.

«Бұл деген сұмдық жағдай ғой. Өмірлік сотталу керек. Ол ауру ғой, ауру қайталанады. 20 жылға сотталды деген, ол педофилизмге аз уақыт», - дейді орталық директоры Малика Жүсіпова.

8 жасар Әселмен қазір психолог мамандар жұмыс істеп жатыр. Әзірге болашағына балта шабылғанын қызым  білмейді, ертең бойжеткенде тағдыры қалай болады деп  еңірейді шарасыз ана. Үшінші сыныпты үздік аяқтаған Әселдің арманы көп-ақ...  

Сізге қызықты болады