Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Петропавлда кәсіпкерлер әкімдіктен қарызын ала алмай жүр

Азамат Ахметов

Петропавл әкімдігінің қарамағындағы «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесі бизнес субъектілеріне 500 миллион теңге берешек. Бұл проблема бірнеше ай бойы шешімін таппай келеді, деп хабарлайды Qonaev.info тілшісі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап. 

Жеке кәсіпкер Александр Ушаков осыдан бір жарым жыл бұрын жергілікті әкімдікке қарайтын «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесімен қаланы абаттандыру бойынша келісім шарт жасасқан. Алайда олар әлі күнге дейін толық сомманы төлемеген. Александр Сергеевич осы мәселе бойынша сотқа да жүгінген. Әзірге нәтиже жоқ.

«Шарт бойынша жалпы сомма 43 миллион теңге. Олар тек 27 миллионын ғана жапты. Сот отырысында мен жәбірленуші деп танылдым. Сот «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қалған сомманы төлеуді міндеттеді. Бірақ, ешқандай нәтиже жоқ. Сот орындаушысы да бұл сомманы өндіре алмайды. Себебі, барлық шоттар бос болып шықты. Енді не істерімді білмеймін», - дейді Александр Ушаков.

Белгілі болғандай, Петропавл әкімдігіне қарайтын «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің бизнес субъектілері алдындағы қарызы 500 миллион теңгеден асқан. Бүгінде оларға қатысты 18 атқарушылық іс қозғалған.

«2019 жылы «Коммунхоз» коммуналдық мемлекеттік мекемесі мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп танылды. Бірақ, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы мұндай кәсіпорынмен тағы да келісім-шартқа отырған. Бұған оларға кім рұқсат берген? Бұның бәрін кім бақылаған? Прокуратура өкілдері қайда қарап отыр? Енді осы бассыздықтың кесірінен қаншама бизнес субъектілері зардап шегіп отыр», - дейді заңгер Олег Хрупин.

Қалалық әкімдік өкілдері бұл заңбұзушылықтарды мойындады. Тіпті, қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы басшысы әкімшілік жауапкершілікке тартылыпты. Бірақ, ақшаның қашан төленетіні жайында тиісті жауап бере алмады. 

Сізге қызықты болады