Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Солтүстік Қазақстанда пара алды деген күдікпен ауыл әкімі ұсталды

Азамат Ахметов
Фото: Azattyq ruhy

Солтүстік Қазақстан облысы Есіл ауданына қарасты Спасовка ауылдық округінің әкімі Азамат Жолдаяқов 130 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілікті. Шенеунікті Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қамауға алды, деп хабарлайды Qonaev.info тілшісі Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап. 

Облыстық прокуратураның баспасөз қызметі аталған фактіні растады. Өңірлік сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет өкілдері 26 маусым күні Есіл ауданы Спасовка ауылдық округінің әкімі Азамат Жолдаяқовты 130 мың теңге пара алғаны үшін ұстаған. Оның аталған қызметке кіріскеніне 1 жылдан енді ғана асқан еді.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет мамандары күдіктіні тінту барысында ақшаны тауып, тәркіледі. Ауылдық округ әкімі күдікті деп танылды. Қазіргі уақытта қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Істің анық-қанығы тергеу толық аяқталған соң жарияланбақ.

Айта кетейік, пара алу дерегі бойынша күдікке ілінген ауыл әкімі – Азамат Жолдаяқов 1982 жылы Ақмола облысының Көкшетау қаласында дүниеге келген. Жоғары білімі бар, 2004 жылы «Құқықтану» мамандығы бойынша Орталық Азия университетін бітірген.

Есіл ауданының қаржы бөлімінің бас маманы, «Қазпошта» АҚ Есіл аудандық пошта байланысы торабының маман-бағдарламашысы, «Ақ бұлақ» кәсіпорнының заңгер-бағдарламашысы, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, Явленка ауылдық округі әкімі аппаратының әскери есеп бойынша бас маманы сияқты лауазымдарды атқарған.

СҚО әкімі Құмар Ақсақалов орталық коммуникациялар қызметінде сәрсенбі күні өткен брифингте Есіл ауданы Спасовка ауылдық округі әкімінің ұсталғанын растаған еді. Ол қоластындағы қызметкер пара алғаны расталса, аудан әкімі отставкаға кетуі тиіс екенін тілге тиек етті.

Сізге қызықты болады