Алматы облысында полиция бастығының балағат сөздерін қоластындағы қызметкерлер диктофонға жазып алған

Азамат Ахметов

Аудиожазбада бастық қызметкерлерін балағаттап қана қоймайды, оларға жол көрсетеді

Алматы облысы Еңбекшіқазақ аудандық Полиция басқармасын басқаратын Жақсылық Алтынбаевтың үстінен қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Өйткені, бірнеше күннен бері әлеуметтік желілерде оның дауысы жазылған аудиоматериал тарап кетті. Онда полиция полковнигі қоластындағы қызметкерлерін балағаттап, қорлағаны анық естіледі.

Azattyq Ruhy порталының жазуынша, Алматы облыстық полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы жүргізіп жатыр.

«Алматы облысы полиция департаменті бұл жарияланған материал бойынша талдау өткізгені жайында хабарлайды. Осыған байланысты, Алматы облысы ПД өзіндік қауіпсіздік басқармасы аудиожазбадағы дауыс иесін анықтау үшін фоноскопиялық сараптама тағайындап, қызметтік тексеруді бастады. Сонымен қатар, лауазымды тұлғаның жарияланған фотосуреті апта сайын бөлімше басшылығымен өткізілетін тікелей эфирлердің Instagram контентінен алынғанын хабарлаймыз.Тексеру нәтижелері бойынша лауазымды тұлғаның іс-әрекеттеріне заңды түрде баға берілетін болады», - делінген облыстық Полиция департаменті берген ақпаратта.

Қызметтік тексеру шеңберінде Еңбекшіқазақ ауданының ІІБ барлық жеке құрамы да аталған жағдайға қатысты түсініктеме береді. Бұдан бөлек, бөлімшедегі моральдық-психологиялық ахуалды бағалау мақсатында жасырын сауалнама да жүргізілмек.

Сізге қызықты болады