Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Түркістан облысының шенеуніктері Маңғыстау облысына көмектесуге кедергі келтіріп отыр – ерікті

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Олар халықтың жинаған көмегін өз аттарына жазып алмақ болған

Қуаңшылықтан зардап шеккен Маңғыстау мен Қызылорда облыстарының шаруаларына ел тұрғындары өздері көмектесе бастады. Биліктен қайыр болмаған соң еріктілер өздері шөп орып, оны өздері батыс өңірлерге жөнелтуде. Алайда, Түркістан облысының еріктілері әкімдік тарапынан кедергіге тап болдық деп дабыл қағуда.

«Литер» басылымының хабарлауынша, Арыс қаласының әкімдігі еріктілер жинаған жем-шөпті Маңғыстау облысына өз атынан жібермек болған. Яғни, жүкті пойызға артуға келген еріктілердің алдына таңдау қойыпты: «не жем-шөпті тастап кетесіңдер, біз оны өз атымыздан жеткіземіз, не кері алып кетіңдер» депті. Шенеуніктердің арсыздығына шошынған еріктілер жем-шөп тиелген жүк көліктерін кері айдап әкетіпті.

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан облысының Құрмет есімді тұрғыны жалғыз өзі соңынан жүздеген адамды ертіп, Маңғыстауға көмек ұйымдастырған болатын. Ол жинаған жем-шөптің 10 вагоны діттеген жеріне жетіп те үлгерген. Алайда, еріктілердің сөзінше, «Қазақстан темір жолы» компаниясы осы тасымалы үшін әр вагонға 800 мың теңгеден ақша бересіңдер деп талап қойып отырған көрінеді. Ал, Құрмет пен оның жақтастарында мұндай үлкен сомадағы қаражат жоқ.

Еріктілер жиналған шөпті жүк көліктерімен Сарыағашқа қайта алып кеткен. Ал, ҚТЖ болса бұған дейін пайдаланған вагондар үшін ақы сұрап отыр екен: әр вагонның құны – 800 мың теңге. Ал, мұндай ақша еріктілерде жоқ.

Сізге қызықты болады