Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

«Үкімет халыққа қол жайды»: Ауыл шаруашылығы министрлігі Маңғыстауды қуаңшылықтан құтқару үшін халықтан ақша жинап жатыр

Азамат Ахметов

Шілде айының соңында Асқар Мамин Маңғыстау шаруаларына көмекке 1,9 млрд теңге бөлінетінін айтқан

Биыл еліміздің батыс өңірлеріндегі қуаңшылықтан мыңдаған малдың қырылғанын отандық БАҚ-ты айтпағанда шетелдік танымал басылымдар да жарыса жазды. Мәселен, күні кеше америкалық «Вашингтон пост» газетінде Қазақстанның жануарларды көметін үлкен молаға айналғаны туралы мақала жарық көрді. Онда елімізде бұрын-соңды болмаған қуаңшылықтың салдарына жіті тоқталған.

Бірақ, біздің айтпағымыз ол емес, айтқымыз келгені – аталған проблеманы шешуде Қазақстан үкіметінің әрекеті. Баршаға мәлім, Маңғыстау мен Қызылорда облыстарында мал қырыла бастағанда Ауыл шаруашылығы министрлігі жергілікті әкімдерді кінәлаған болатын: жағдайды алдын ала бақылауда ұстамады деп. Бірақ, шаруаларға нақты көмек көрсетілген жоқ. Осы сәтте қарапайым халық еліміздің түкпір-түкпірінен жем-шөп жинап, өз күшімен осы екі облысқа жөнелте бастады. Тек шілде айының соңында ғана Премьер-министр Асқар Мамин Маңғыстау облысына келіп, зардап шеккен шаруаларға 1,9 млрд теңге бөлінетінін айтты.

Алайда, бұл қаражат тығырықтан шығу үшін жетпейтін секілді. Өйткені, 11 тамызда Ауыл шаруашылығы министрлігі проблеманы шешу үшін халықтан тағы ақша жинауға кірісіп кетті. Министрліктің ресми сайтында «Казимпэкс Ақтау» қорына ақша аударуды сұрайтын материал жарияланды. Яғни, бұдан ұққанымыз, Үкіметтің Маңғыстау шаруаларына көмектесуге қаражаты таусылған сыңайлы.

Ал, экологтар болса қуаңшылық келер жылы еліміздің өзге өңірлерінде де болатынын болжап отыр.

Сізге қызықты болады