Болат Назарбаевқа арқа сүйеген Иран азаматы алматылық кәсіпкерлерді тақырға отырғызды

Азамат Ахметов
Фотоколлаж Azattyq Ruhy

Алматыда жүззе жуық кәсіпкер бас көтеріп, өздерін мүлкінен айырған Иран азаматын қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етті. Алаяқтық схема ойлап тапқан Маджид Хосейн Хамириан бас-аяғы 300-дей жылжымайтын мүлікті меншіктеп алған көрінеді. Ал, оның қылмыстық әрекетін жүзеге асыруға құқық қорғау органдары, сот орындаушылар көмектескен дейді шағымданушы топ.

Бұл туралы Azattyq Ruhy порталы жазды.

Кәсіпкерлердің сөзінше Маджид Хосейн Хамириан ірі кәсіпкерлердің тек банкте, несиелік ұйымдарда ғана кепілде тұрған дүние-мүлкін өзіндік құнынан бірнеше есе төмен бағада, жасырын түрде сатып алумен айналысқан екен. Кейін оны қайта қымбат бағаға сатумен де пайдаға кенелген екен.

«2009 жылы 2300 шаршы метр болатын үлкен бизнес кешенін салдым. Кафесі, мейрамханасы, бильярды, моншасы, өзге де қызмет түрлері бар. Үстіңгі қабатты аяқтау үшін шағын несие ұйымынан 230 мың доллар кредит алдым. Гүлмира Байқошқарова жетекшілік ететін әлгі несие ұйымы жабылып қалды. 6 айдан кейін оларды тапқанда менен «500 мың доллар төлейсің» деді, ал менің алғаным – 230 мың доллар. Банк маған қайта неиселендіру жасап, олардың алдындағы берешектен толық құтылатын болдым. Сол кезде олардың құны 2,5 миллион доллар тұратын бизнесімді Хамирианның атына аударып жібергенін білдік. Маджид Хамириан «соттаспайық, мен ақшаңды төлеймін» деген. Ақыры мені алдап кетті. Бізді өз ғимаратымыздан қуып шықты. Бұл таза рейдерлік әрекет. Тіптен ішіндегі заттарды да сатып жіберді. Мен оларды сотқа да бердім. Сол кезде бізде әділ сот жоқ екенін түсіндім. Үмітіміз Жаңа Қазақстанда, Президентте.

Шағын несие ұйымдарының көксегені – кәсіпкерлерді жоғары пайызбен қарызға батырып, бизнесті құрту ғана. 2,5 млн доллар тұратын ғимаратты 10 есе арзандатып, 230 мың долларға алып қойды. Маджид Хосейн мен оның адамдары «бізбен соттасудың қажеті жоқ, қай судьяға қанша беру керек екенін білеміз, шешеміз, сіз ешкім емессіз» деп ашық айтты. Бұл бассыздыққа тоқтау салынғанын қалаймыз», - деді кәсіпкер Ернест Қорғанбайұлы.

Кәсіпкер несиелік қарызды өтеп, ғимаратын қайтаруды талап еткенмен, оған Хамириан көнбепті. Бизнесінен айрылып қалған ол тығырықтан шығудың жолы ирандықтың әрекетіне мемлекет тосқауыл салу керек деп санайды.

Кәсіпкерлердің арасында Асқар Жұмағалиев есімді жігіт Иран азаматының заңсыз әрекетін дәлелдеп, құны 1 миллиард теңгеден асатын базары мен сауда ғимараттарын кері қайтарып алыпты. Оның мұндай батыл әрекеті өзге кәсіпкерерге үміт сыйлаған.

Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, Иран азаматы жеке сот орындаушының көмегімен «Ақжар» базарына электронды сауда арқылы қожайын болып шыға келіпті. Тексеріс кезінде базардың үш есе арзанға сатылғаны және электронды саудаға тек Хамириан мен оның әйелі ғана қатысқаны белгілі болған. Заң жүзінде бір үйден екі адамның қатысуына жол берілмейді. Алайда, ол әйелімен әлдеқашан ажырасқанын айтып, сотты да алдаған. Тексеріс кезінде олардың бірге тұратыны, кәмелеттік жасқа толмаған ортақ балаларының бар екені анықталып, қулығы әшкере болған. Жұмағалиевтер әулеті ұзаққа созылған сотта жеңіп шыққан кезде ғана ирандықтан жапа шеккендердің өте көп екені анықталған.

«Хамириан Маджид Хосейн мен оның әйелі Айжан Кұрманғожина екеуі аукционға екі бөлек адам болып қатысып, дүние-мүлікті заңсыз сатып алған. Бағасын қолдан түсірген. Ал жоғары сыйақы алу арқылы базарды заңсыз саудаға шығарған жеке сот орындаушы Тәуекеловтің үстінен қылмыстық іс қозғалды. Біздің талабымыз – қылмыстық іске Хамирианды да, оның әйелін де тарту. Өз лауазымын асыра пайдаланғаны үшін жеке сот орындаушының үстінен қылмыстық іс Алмалы аудандық ішкі істер басқармасында 9 айдан бері тергеліп, бітпей жатыр. Хамирианның алаяқтық схемасы бір-біріне өте ұқсас. Мемлекет неліктен шетелдік алаяққа қазақ кәсіпкерлерін тонатқызып, қорлауға мүмкіндік береді? Неге осы елдің заңы отандық кәсіпкерлерді қорғамай, ирандықтың пайдасына жұмыс істейді?» - дейді кәсіпкер Асқар Жұмағалиев.

Ал жасы 70-тен асқан Баян апа кәсіпкерлердің атынан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа өтініш айтып, көмек сұрады.

«Қазақстанды басқарып отырған Қасым-Жомарт Кемеұлы Тоқаевқа кәсіпкерлердің атынан өтініш, бізді алаяқтардан құтқарсын! Олар қашанғы сайран салып жүре береді? Неге құқық қорғау органдары сатылады? Әділет қайда? Әділет қашан орнайды? Кәсіпкерлеріміз қашанғы таяқ жеп жүре береді? Біздің еңбегіміз қайда? Өсіп келе жатқан бала-шағамыз бар. Бұл не деген сұмдық?! Осыған көмек беріңіздер. Мына алаяққа жем болған кәсіпкерлердің атынан сұраймын», - деді Баян апа.

Жәнібек Сағидоллаұлы да ирандыққа алданған кәсіпкерлердің бірі. Ол картон қорап шығаратын алып зауытты 2020 жылы 300 мың долларға сатып алған. Алайда, құжатты нотариус арқылы рәсімдеп, қаражатты банк арқылы аударса да Маджид Хосейн зауытты бермей қойған. Зауыттың аумағына күзет қойып, құлпын ауыстырып тастаған.

«Ол зауыт Хосейн Хамирианға тиесілі ғимараттың аумағында тұрды. Оған жалға алу құны қымбат болғандықтан зауытты басқа жаққа көшіремін дедім. Ертеңінде станокты алып кетуге келгенде Хосейн қоластымдағы 40-50 жұмысшыммен қоса кіргізбей қойды. Әуезов аудандық ПБ қылмыстық іс қозғаған еді, оны Хосейн таныстары арқылы департаментке алдыртып, қысқартып тастады. Хосейн менімен кездескен кезде «сен бұл істі ешқашан шеше алмайсың, мен аспан болсам, сен жерсің» деген. Зауыт екі жылдай жұмыс істемеді, станокты да ала алмадық, ақшаны да қайтармады. Сөйте тұра бізден зауыттың арендасын талап етті. Ең қызығы, Медеу аудандық соты Хосейн Хамирианның пайдасына 57 млн теңге аренда төлеу туралы шешім шығарды. Өзім секілді бизнесмендер зардап шегіп жатыр. Мұндай құйтырқы әрекет құқық қорғау органдарының шетелдік азаматқа көмектесуінен болып отыр. Қарамағымдағы 50 шақты адам жұмыссыз қалды, мемлекетке салық та төленбей қалды. Бұл менде ғана болып жатқан жағдай. Менен бөлек қаншама кәсіпкер бар», - дейді «Ақжан-ай» ЖШС бас директоры Жәнібек Сағидоллаұлы.

Зәбір көргендердің көбі әділдіктен күдер үзген. Кәсіпкерлер Хамириан мен оның отбасына, жақындарының атына рәсімделген ғимарат саны 300-ге жуықтағанын анықтаған. Әрбір ғимараттың, нысанның құны жүздеген миллион теңгеден басталады. Жәбірленушілер бағасынан бас айналатын ғимараттарды әділет органдарының тексермей-ақ тіркеп, жағдайдан хабарсыз кейіп танытуын тікелей жемқорлықпен байланыстырады.

«Хамириан мен оның әйелінің, жақындарының атында миллиондаған доллар тұратын ғимараттардың бар екенін анықтадық. Олар өте қымбат машинаны Болат Назарбаевқа сыйлады, бұл сөзімді дәлелдеп те бере аламын. Мен оны өз көзіммен көрдім. Барлық мәлімет қолымда бар. Олар 5-6 адамнан құралған қылмыстық топ, рейдерлікпен айналысады. Маған өзінің адамдарымен келіп, «сен ешкім емессің, бәрібір шеше алмайсың, Болат Назарбаев бізді қорғайды» дегенді айтты. Бұл заңның жұмыс істемейтіндігі, жемқор судьялардың осындай жағдайға жеткізгені деп санаймыз», - деді кәсіпкер Е.Қорғанбайұлы.

Жиналған кәсіпкерлер Ішкі істер министріне, Бас прокурорға, Жоғарғы сот төрағасына шетелдік азаматтың заңсыз әрекетіне тосқауыл қоюды сұрады. Тікелей Хамирианның әрекетіне қатысты сот істері Алматының Медеу, Бостандық, Алмалы, Әуезов сияқты бірнеше ауданында үнемі өтіп тұрады. Жәбірленушілер барлық даулы істің схемасы ұқас, алдау әрекеті бір деп отыр. Сондықтан дәл осы ирандыққа қатысты сот істерінің бәрін топтастырып, тексеру керек деп санайды.

«Қазіргі таңда құқық қорғау органдары оны таба алмай жатыр және қарапайым сауалға жауап бере алмайды. Қаңтар оқиғасы ақиқатқа деген сенім тудырып, болашаққа деген сенім, өзгерістің болатынын көрсетті. Біздің балаларымыз Жаңа Қазақстанда өмір сүргенін қалаймыз. Болашақта балаларымыз әділдіктің болатынына сенгенін, қоғамдағы проблеманы шешетін билік өкілдерінің бар екеніне сенгенін қалаймын. Бұл жердегі шағын жиын қарсылықтың басы деп ойлаймын.

Ол «Нұрлы-Тау» кешеніндегі бизнес-орталығымды тартып алды. Істі дұрыс қарамаған судьялардың да кінәсі бар деп санаймын. Құқық қорғау органдарының әрекетсіздігінен, Хамирианның алаяқтығынан қарамағымда жұмыс істейтін 70-ке жуық адам табысынан айырылып, зардап шегіп отыр», - деді тағы бір кәсіпкер Гүлнар Исева.

Сізге қызықты болады