ҚМДБ әл-Ақса мешітінде болған жағдайға байланысты мәлімдеме жасады

Азамат Ахметов
Фото: bbc.com

Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын әл-Ақса мешітінде болған жағдайға алаңдаушылық білдіреді және күрделі мәселенің оң шешімін табуын тілейді.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Әл-Құддыстағы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын әл-Ақса мешітінде болған қайғылы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.

Діни басқарма өз мәлімдемесінде әл-Ақса мешітінде болған жағдайға алаңдаушылық білдірген.

«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейірім мен шапағат айы болған Рамазан айында Әл-Құддыстағы Ислам дініндегі қасиетті үшінші мекен саналатын әл-Ақса мешітінде орын алған жағдайға алаңдаушылық білдіреді және күрделі мәселенің оң шешімін табуын тілейді.

Алла Тағала қасиетті Құранда: «Құлын (Мұхаммедті) бір түнде Харам мешітінен айналасына Өзіміз құт-береке дарытқан Ақса мешітіне кейбір маңызды белгілеріміз бен дәлелдерімізді көрсету үшін алып барған Алла – мінсіз (мұқтаждық пен дәрменсіздіктен, кемшілік атаулыдан ада). Ол – Сәмиғ (бәрін естуші), Басир (бәрін де көруші)" ("Исра" сүресі, 1-аят) деп баяндайды. 

Еліміздегі барша мұсылманды қасиетті айдың соңғы күндерінде қасиетті мекеннің тыныштығы үшін дұға жасауға үндейміз. Алла Тағала қасиетті Әл-Ақсаның бейбітшілік пен амандықта болуын нәсіп етсін! Әмин!», - делінген Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының мәлімдемесінде

Шығыс Иерусалимде палестиналықтар мен Израиль полициясы арасында қақтығыс толастамай тұр. Құдыс қаласының шығысындағы қасиетті жерде Қадір түнін қарсы алуға жиналған палестиналықтар мен Израиль полициясы арасындағы қақтығыстан кейін басталған наразылық шаралары әлі де басылмаған. Өткен түнде қаладағы Ескі Шаһарда тағы бірнеше жерде наразылық шеруі өткен. Хабар 24 арнасының мәліметінше, оған қалалық соттың Шейх-Джарах ауданынан палестиналықтарды күштеп көшіру туралы шешімі түрткі болған. Осыған ызаланған жастар Израиль сарбаздарына тастар лақтырып, шағын оттар қойып, құрулы тұрған қоршауларды қиратқан. Шерушілерді тарату үшін еврей полициясы мұздай су шашып, дауысы ащы гранаталар тастаған. Соңғы мәлімет бойынша жарақат алған палестиналықтар саны 200-ден асты, ал Израиль жағынан 18 полицей зардап шеккен.

Мұның арты Израиль-Палестина арасында тағы да жанжалдың басталуына алып келді. Дүйсенбі күні Иерусалимнің оңтүстігі әуе шабуылына ұшырады. Ұзамай зымыранмен жасалған соққыларға жауапкершілікті ХАМАС әскері өз мойнына алды.

Соңғы мәлімет бойынша Изриаль ХАМАС қозғалысының әскери нысандарына Израиль тарапы қарымта жауап ретінде Газа секторынан зымыранмен соққы жасаған. Газа секторының денсаулық сақтау қызметінің мамандары әуе шабуылынан 20 адам мерт болғанын хабарлайды. Олардың арасында 9 бала бар. 

Әл-Құддыс қаласындағы бұл оқиғаға ел тұрғындары да алаңдаушылықтарын білдіріп жатыр. Айтыскер ақын Балғынбек Имаш еліміздегі мұсылман жұртшылығын Палестиналық бауырлар үшін дұға қылуға шақырған. Сонымен қатар, бұл мәселеге мемлекеттік тұрғыда үн қосу керектігін айтқан. 

«Құддыс қаласы Ислам дінін ұстанатын мұсылмандар үшін Мекке мен Мединеден кейінгі үшінші қасиетті мекен. Осы шаһардағы Әл-Ақса мешітінен Пайғамбарымыз Миғражға көтерілген.
Неше күннен бері Израиль әскері Палестинадағы мұсылмандарға қару қолданып, тарауық намаздарын оқытпай, қиянат жасауда.

Бүкіл Мұсылман мемлекеттері үнсіз. Жалғыз Түркия Президенті (оны Алла панасына алсын) Тайып Режеп Ердоған ғана шырылдап, бауырларға қорған болуға шақырып, барша мұсылмандарға үндеу тастауда. Рамзан Қадыров та қалыс қалмай, Құддыстағы мұсылмандарды қолдайтынын білдірді.
Уа, Қазақия мұсылмандары! Рамазанның соңғы күндері қатты дұғада болайық!

Алланың дұшпандарына Алланың қаһары жаусын! Лағнеті жаусын! Ия, Раббым, Құддыс өлкесіндегі құлдарыңды өзің қорға!

Біздің Қазақстан Республикасы зайырлы болғанымен 70% дан артық мұсылмандар тұратын мемлекет емес пе?

Құрметті, Қасым-Жомарт Кемелұлы! Сіз әлемдегі беделді дипломаттардың бірісіз!
Ең болмағанда Сыртқы істер министрлігінің Қарсылық Нотасын жолдап, Палестинадағы бауырларымыз үшін араша сұрауға не кедергі?

Ия, біз саны аз, қуаты әлсіз ел шығармыз. Бірақ, біздің Атомнан бас тартқан бейбітшілік сүйгіш ел ретінде өз ұстанымымызды айтуға құқығымыз бар шығар?», - деп жазған өзінің инстаргамм парақшасында. 

Сізге қызықты болады