Нұр-Сұлтан қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Қажымұқан Мекемтас LRT құрылысы кезінде 5,8 млрд теңге жымқыру ісі бойынша үкімді кейінге қалдырды.
Толығырақ Orda.kz сайтында.
Бастапқыда резонанстық қылмыстық іс бойынша үкімнің жариялануы 28 сәуірге белгіленді. Бірақ бүгін судья сот тергеуін қайта бастауға шешім қабылдады.
— Тәркіленген мүлікке қатысты түсініспеушіліктер мен күмәндар пайда болды, – деп түсіндірген Мекемтас нақтылау мәселелеріне кірісті.
Кім сот алдында жауап берді?
Сотқа Нұр-Сұлтан жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы бастығы Рашид Аманжолов, астана мәслихатының бұрынғы хатшысы Жанат Нұрпейісов, Astana Innovations АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім, сондай-ақ түрлі кәсіпорындардың қызметкерлері Ұлықбек Ачилов, Тимур Қасабаев, Дулат Мусенов және Дәурен Әбдіхамитов қатысты.
Іске қатысты тағы екі тұлға – елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Ардан халықаралық іздеуде.
Олар не үшін айыпталды?
Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет қылмыстық схеманы астана әкімінің орынбасары Қанат Сұлтанбеков пен «Астана LRT» басшысы Талғат Ардан ұйымдастырғанын хабарлаған болатын.
Олар, тергеу нұсқасы бойынша, Аманжолов пен Нұрпейісовтың қатысуымен шығындарды 24 млрд теңгеге асыра бекіткен. Бұл сомаға жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеу, консультациялық қызметтер көрсету және техникалық қадағалау бойынша шығыстар кірді. Өз кезегінде мердігер ұйымдардың директорлары қосалқы мердігер компаниялармен көтеріңкі бағамен жалған шарттар жасап, жалған кәсіпорындар арқылы қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырды.
Мемлекетке келтірілген залал 5,8 млрд теңгеден асты.
Кеше ғана Нұр-Сұлтанда LRT-ні екі жылдан кейін іске қосу жоспарланып отырғаны белгілі болды. Нұр-Сұлтанда LRT құрылысы жобасын қаржыландыру қайта басталған кезде пайдалануға беру 2023 жылғы шілдеде өтеді.
Автор: Аделаида Ауеспекова
Аударған: Мұхит Тұрсынәлі