Қостанайлық 24 жастағы Данил Успенский "Vogue" мұқабасынан көрінді. Қазақстаннан келген модель Louis Vuitton, Gucci, Prada және басқа да танымал брендтермен жұмыс істейді. Ол қарапайым трокторшы болып жүріп сән саласына қалай келгені туралы Tengri lifestyle тілшісіне берген сұхбатында айтты.
Данил 1999 жылы Қостанайда дүниеге келген. Қостанай автомобиль көлігі колледжін бітірген жігіттің негізгі мамандығы - тракторшы-машинист.
"Мен ең қарапайым отбасында дүниеге келдім. Қаржылық қиындықтар біздің үйде жиі болатын. Менің алдымда 31 жастағы үлкен ағам бар. Біз екінші Қостанай деп аталатын жерде тұрдық", - деді Данил.
Ол модельдік индустрияға кездейсоқ келгенін айтады.
"Мен дүкенде телефон сатып жүрдім. Шашымның түсі туғаннан қызылға жақын болатын. Шашыма қызыққан болуы керек, маған бір қыз келіп суретке түсуімді сұрады. Келбетімнің ерекше екенін айтты. Мен келістім. Ол суреттерді әлеуметтік желідегі Typical modeling тобына жіберуді ұсынды. Өзімнің фотосуреттерім мен параметрлерімді жібердім. Мені шетелдік модельдік агенттіктерге келісімшарттар жасайтын компаниялар байқады. Барлығы 6 агенттіктен ұсыныс келді. Еуропалық агенттікті таңдадым", - деді Данил.
Ата-анасының қаржылық мәселелері болғандықтан оның жолын модельдік агенттік көтерген.
"Менде шетелге шықпақ түгілі төлқұжат жасауға ақша болмады. Агенттік ақша жағынан көмектесті. Олар маған Мәскеуде пәтер жалдады. Онда мен сынақ түсірілімдерін жасадым, бұл модельді көрсету үшін жасалады. Егер әдеттегі түсірілім киімді көрсету үшін жасалса, онда сынақ модельдің өзін көрсету үшін жасалады. Мен Мәскеуде 5-6 түсірілім жасап, Қостанайға қайта оралдым", - дейді Данил.
Бір апта ішінде қазақстандыққа Оңтүстік Кореяға келісімшарт жасалады.
"Мен ойланбастан келістім. Әрине, менің ата-анам қорқынышпен қарады. Мен заттарымды жинап, оларға ештеңе айтпастан кетіп қалдым. 18 жасыма дейін ешқашан шетелде болған емеспін. Бұл мен үшін мүлдем жаңа әлем, дамудың басқа деңгейі болды. Ағылшын тілін мүлде білмедім. Бірінші сапар өте қиын болғанымен сәтті өтті. Өмірімде бірінші рет үлкен ақша таптым. Содан кейін мен ата - анама ақша жіберіп тұрдым. Олар сәннің құлдық емес, кәдімгі жұмыс екеніне көз жеткізді", - дейді ол.
Данил ата-анасына қаржылық және моральдық жағынан көмектесу мүмкіндігін өміріндегі ең маңызды жетістігі санайтынын айтады.
"Кәсіби тұрғыдан алғанда кез-келген модель үшін атақты журналдың мұқабасына түсу маңызды. Жапонияда мен "Vogue Japan" мұқабасына түсу арқылы осы мақсатты орындадым. Бұл 2021 жылдың қаңтарындағы алғашқы шығарылым болды. Түсірілім Осака қаласындағы үлкен ғибадатханада өтті.
Бұл ең керемет түсірілімдердің бірі болған шығар. Vogue мұқабасына арналған Gucci түсірілімі болды. Фотосуреттер Дүниежүзілік Vogue журналында пайда болды, Gucci өзі де фотосуреттерді жариялады. Мәртебесі бойынша ең керемет түсірілім", - дейді Данил.
Данил кез-келген танымал брендтің басты бейнесі болу оңай емес екенін айтады. Көп жағдайда ұзақ мерзімді келісімшарттар әлемдік деңгейдегі атақты адамдармен жасалады. Алайда, қазақстандыққа тағы бірнеше келісімшарт жасасуға мүмкіндік туған.
"Мен алты ай бойы Samsung-тың басты бейнесі және Кореядағы әлемге әйгілі BBQ мейрамханалар желісінің амбассадоры болдым. Біз олар үшін телеарналар мен көше баннерлерінде айналатын телевизиялық коммерция түсірдік", - деді ол.
Түсірілімнен басқа, Данил Еуропадағы көптеген танымал брендтердің арнайы шоуына модель ретінде қатысады.
"Еуропа модельдік орталық болып саналады. Менің ең керемет жұмысым 2019 жылы сән апталығындағы Rick opens болды. Мен әлемдік модельдер сайты "Modelsdot.com"-ға шықтым. Барлық кәсіби модельдер осы сайтта ұсынылған. Мен сәнді модель де, коммерциялық модель де бола аламын, кәсіби түрде теледидарлық түсірілім үшін актерлік тәжірибем бар",-деп қосты Данил.
Ол Еуропада сән саласы жақсы дамығанымен модельдердің жалақысы өте аз екенін айтады.
"Еуропадағы сән апталарында мен күн сайын 9 кастингке барып жүрдім, бірақ шығындарымды толық өтемедім. Модельдің ақысы негізінен жұмыстан тұрады, яғни ол осы шоуды ашады немесе жабады. Модельдік агенттіктердің өз комиссиясы бар екенін ұмытпауымыз керек. Мысалы сіз 500 доллар тапсаңыз оның 50 пайызын агенттікке бересіз", - деп түсіндірді ол.
Оның айтуынша, Азия елдері барлық шығындарды өз мойнына алады және модельдерге Еуропаға қарағанда көбірек ақша төлейді. Модельдік мансабының арқасында қазақстандық жігіт бүгінге дейін 12-ден астам елге барған.
"Түсірілімге арналған барлық сілтемелер Жапониядан келеді. Оларда керемет идея, дизайнерлер, фотографтар, модельдер бар. Жапондықтар өте талғампаз. Жапонияда модельдің жұмысы бағаланады, жақсы ақша төленеді. Louis Vuitton, Gucci, Prada, Chanel сияқты барлық ірі брендтер Жапонияда түсірілген", - деді модель.
Қазір қазақстандық жігіт Кореяда 10 миллион теңгеден астам келісімшартқа қол қойғанын айтты.
"Мен Rolex, Omega сағаттары үшін түсірілім жасадым. Ол сағаттар жарты миллион доллар тұрады. Жақында үйіме 30 келілік журнал қорабын жібердім", - дейді модель жігіт.
Осылайша, Қазақстандық қарапайым тракторшы Rick opens, Maison Margiela, Louis Vuitton, Yves Saint Laurent, Kenzo, Dior, Gucci, Fendi, Prada, Rolex, Celine, Givenchy, Dunhill, Balenciaga, Undercover, Wrangler, Yohji брендтерімен жұмыс істейді. Данил модельдерге бірнеше маңызды кеңестер берді.
"Барлық агенттіктердің келісімшарттарын мұқият оқып шығыңыз, көбінесе бұл салада алдайтындар көп. Аталған кәсіппен 18 жастан бастап айналысқан жөн.
Айта кететін жайт, өзіңді қатал ұстау сән саласында өте маңызды. Есірткі мен ішімдіктен аулақ болу керек. Бұл сенің жұмысың және ол жерде жететін мақсатың туралы көбірек ойлану қажет. Модельдердің көбісі көңіл көтергенді жақсы көреді. Әр елде жүргендіктен атаққа мастанып кететіндер бар. Осындай адамдардан кейін көбі модельдерге бейжай қарайды. Ал мен қазіргі кәсібіме тек жұмыс ретінде қараймын. Қыдыруға келген жоқпын", - деп сөзін қорытындылады Данил Успенский.