Елімізде соңғы 3 айдың ішінде 300-ге жуық ел азаматы өзінің атында кредит бар екенін білмеген, деп хабарлайды Qonaev.info.
ҚР ІІМ мәліметінше, осы жылдың басынан бері 3 мыңнан астам интернет-алаяқтық фактілері анықталған. Салдарынан ел азаматтарына 4 млрд теңгеден астам шығын келтірілді. Алаяқтар азаматтарға 44 млн рет қоңырау шалған. Соның ішінде 290 азамат телефон арқылы деректерін айтып, сыртынан несие рәсімдеуге «көмектескен».
Мәселен, былтыр ақтөбелік Болат Хайроллаұлының сыртынан бәзбіреулер 3 миллион 700 мың теңге онлайн-несиені осылай рәсімдеген. Әккілер Ұлттық банктің атын жамылып, алаяқтар атыңыздан кредит алмақшы деп хабарласқан. Біздің айтқанымызды бұлжытпай орындаңыз оларға бірге тосқауыл қоямыз, деп сендірген. Осылайша, барлық деректерін өз аузынан біліп, телефонына келген код-қа дейін айтқызған. Артынша, алаяқтар екеніне көзі жетіп, сан соғып қалған азамат дереу полицияға жүгінген. Содан бері әлгі әккілер табылмаған, ал банк қарызды кешіктірмей төлеуін талап еткен. Ол мұндай қитұрқылыққа банк қызметкерлерінің өздері барған болуы мүмкін деп күдіктенеді.
«Алаяқтарға жол ашып беріп отырған сияқты банкі, сыбайлас деп қалай айтпайсың? Менің кредитім 200 мың теңге төңірегінде, ал айлығым 200 мыңнан сәл ғана асады. Бірнеше жылдан соң зейнетке шығамын. Сонда артымда қалған отбасымды қарызға батырып кетемін бе. Ақша Өскенмендегі банкоматтан шешілген дейді. Оның суреттері де бар, тіргелген кезде шықты. Кескені кім екені белгісіз. Бетперде киіп, көзілдірік киіп қаражатты шешіп алған. Екі рет сот процессі болды, жеңіліп қалып отырмын»,- дейді жәбірленуші Болат Жаманқұл.
Несие «Халық банкі» арқылы рәсімделген. Бұған дейін банкке қарыз ақша сұрап барған азаматқа кредит бермепті. Бұл жолы тіпті төлем қабілеттілігіме қарамай аударып жіберген деп отыр. Ал банк клиенттің мәселесін шешуге қауқарсызбыз, нүктесін сот қана қоятынын мәлімдеді.
« Клиент алаяқтардың ықпалымен шотындағы жеке деректерді берген және жасалған барлық операция клиенттің нөміріне жіберіліп, SMS-кодтармен расталған деп есептейміз. Біз алаяқтар жасаған операцияларды даулауға тырысамыз, бірақ олар жеңіспен аяқтала бермейді. Себебі барлық жеке деректі клиенттің өзі берген болып шығады»,- деп хабарлады «Халық банкі» АҚ Бөлшек бизнес орталығының бас менеджері Бекболат Жандабергенов.
Елімізде үш айдың ішінде сыртымнан несие рәсімдеді деген арыз жазғандар саны 300-ге жеткен. Заңгер Ғабит Өмірбек, алаяқтықтың бұл түрін заң бойынша «жәбірленуші» ретінде банкті тану арқылы тоқтатуға болады дейді. Ал алдағандар керісінше «куәгер» болуы шарт екенін алға тартады. Ал шығын сомасы сақтандыру арқылы өтелуі тиіс деген пікірде.
«Банктің өзінің дұрыс емес іс-әрекеттерінен осындай жағдай болды. Кейбір азаматтар офлайн өзінде айлап, жылдап 1-2 миллион несие рәсімдей алмай басы қатып жүреді. Ал бұлар бір мезетте 10-14 миллион теңгені 2-3 банктен рәсімдеп жібереді. Демек бұл жерде сұрақ туындайды: «банк қызметкерлері өздері сыбайлас емес пе» деген. Егер шын мәніде, банк «жәбірленуші» деп танылып, келтірілген залалды сақтандыру сомасымен өндіретін болса, онда банктің ішкі қауіпсіздігі күшейтіліп, алдағы уақытта онлайн-несие рәсімделмейтін болады», - дейді заңгер.
Заңгердің сөзінше, банктерді «жәріленуші» деп тану үшін Ұлттық банк, Ішкі істер мен Цифрлық даму министрлігінің бірлесіп бір ғана бұйрық шығарғаны жеткілікті.