Талдықорған қаласының Қоғамдық кеңесі Назарбаев көшесінің бұрынғы атауын қайтаруды сұрайды.
Қоғамдық кеңес мүшелері көше атауын өзгерту туралы ұсынысын қала әкімдігі мен Жетісу облысының мәслихатына жолдады.
«Назарбаев көшесінің бұрынғы Тәуелсіздік атауын қайтару бойынша Жетісу облысының әкімдігі мен облыстық мәслихатқа Қоғамдық Кеңес мүшелерінің ұсынысымен хат жіберілді», - делінген Қоғамдық кеңестің баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Айта кетсек, Назарбаев көшесі – Талдықорғандағы ұзындығы 6,8 шақырымды құрайтын ең ұзын көше. Оның атауы 2019 жылдың наурыз айында қалалық ардагерлер кеңесінің бастамасымен Қазақстанның Тұңғыш президентінің құрметіне орай өзгертілген болатын. Көше бойында бірнеше алаң мен саябақтар бар.