«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметкері жұмысын атқару кезінде қаза тапты, деп хабарлайды Qonaev.info.
Компанияның баспасөз қызметінен хабардағандай, қайғылы оқиға 10 ақпан күні сағат 14:00 шамасында Самара-Шымкент автожолының 1285-шақырымында болған.
«Жол-көлік оқиғасының (жол бойында тұрған көлікті соққан) салдарынан тікелей қызметтік міндетін орындау кезінде «ҚазАвтоЖол» Қызылорда облыстық филиалының бас маманы Сақтапберген Бақытжанұлы Сыдықов қайтыс болды. Оқиға «Самара-Шымкент» автожолында Арал ауданы Сазды ауылы маңында қозғалыс қайта жанданған уақытта болған. Қатты жылдамдықпен келген Toyota Alphard көлігі жол бойында тоқтап тұрған көлікке соқтығысқан, сол уақытта автокөлік ішінде компания қызметкері жұмыс істеп отырған. Ол тілге келместен сол жерде жан тапсырды», - делінген хабарламада.
Марқұм Қызылорда облыстық филиалының бас маманы болып, компанияда 6 жылдан астам жұмыс істеп, өзін адал, кәсіби қызметкер ретінде танытқан.
Сақтапберген Сыдықовтың артында төрт баласы мен жары қалды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ марқұмның артында қалған отбасына компания тарапынан бүкіл қажетті қаржылық қолдау көрсетілетінін жеткізді.