Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Салтанат Нүкенованың өлімі: Прокурор оқиғаның қалай болғанын айтты

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Прокурор Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Бишімбаевтың ісі бойынша айыптау актісін оқыды. 

Екеуінің арасындағы жанжал 8 қарашада басталып, ертеңінде Нүкенованың өлімімен аяқталған. Кешкі сегіз шамасында Бишімбаев, Нүкенова және оның құрбысы Биланның концертіне келеді. Екеуара ұрыс-керіс концерт кезінде басталған. 

«Концертте Бишімбаев Нүкеновамен жанжалдаса бастаған. Концерттің аяқталуын күтпей, олар ұрысқан күйі мейрамханаға кетеді. Мейрамханаға келген соң 4 бөтелке шарапқа тапсырыс беріп, ішіп, ары қарай да жалжалды жалғастырады. Нүкенова әбден шаршағанын айтып, Бишімбаевтан кететінін айтады. Өзінің ағасына хабарлама жазып, кеткісі келеді. 9 қарашада түнгі сағат 12 жарымда олар ғимараттан шығады, бірақ Бишімбаев Нүкенованы ағасына жібермейді. Түнгі сағат 2-ден 19 минут кеткен кезде олар мейрамханаға қайта кіреді. VIP залға өтеді. Ол тағы бір бөтелке шарап алады. Ұрыс-керіс үдей түседі. Бір - біріне айғайлайды. Бишімбаев Нүкенованы қорлап сөйлеп, алып берген заттарын айтып, кінәлай бастайды. Нүкенова сол жерде киімдері мен зергерлік бұйымдарын шешіп, лақтырып тастайды. Бишімбаев ашуланып, оны соққыға жығады. Одан әрі таңғы сағат 06:56-да Бишімбаев Нүкенованы алып, тұраққа түскен. Нүкенованың жағдайын жан адам көрмесін деп, көлікке отырып үйіне алып кетпек болады. Бірақ тротуарда оны күзетші көреді. Содан кейін олар мейрамханаға қайтып келген», - деді айыптау актісін оқыған прокурор. 

Мейрамхананың фойесінде Бишімбаев Нүкенованың өмірлік маңызды органдарынан жұдырықтап ұрған. Нүкеновка қатты соққыны көтере алмай, еденге құлаған.

«Енді ол тепкінің астына алады. Нүкенованының басынан ұрғылап, шашынан ұстап, VIP бөлмеге қарай сүйрелейді. Әйел жанұшыра дәретханаға тығылады. Бишімбаев есікті қолымен қағып, сосын метал штативпен ұрып ашады. Нүкенованы шығарып алып, қатігездікпен ұрып-тебеді. Тамағынан қысып, тұншықтырады. Нүкенова талып қалады. Шамалы уақыттан кейін есін жияды. Бишімбаев тағы да қатты жұдырықтап ұрады. Содан кейін Нүкенова тыныс алуын тоқтатады», - деді мемлекеттік айыптаушы.

Прокурордың айыптау актісі бойынша, 9 қарашада түскі ас уақытында Бишімбаев ұсталып қалудан қорқып, өзінің алыс туысы мейрамхананың иесі Байжановты шақырған. Оған мейрамхана қызметкерлерін таратуға бұйрық береді де, қылмыстың ізін жасыру мақсатында мейрамханада өткен түнгі оқиғалар түсіп қалған бейнематериалдарды өшіруге тапсырма береді. Нүкенованың телефоны бақыланатынын білетін ол, Байжановқа әйелдің телефонын үйге апарып тастауды талап етеді.

Айта кетейік, бүгін бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алдын ала тыңдау өтті.

2023 жылдың қарашасында экс-министрге өз әйелі Салтанат Нүкенованы ұрып өлтірді деген айып тағылды. Оған ҚР ҚК 110-бабының 2-бөлігі (Азаптау) және 99-баптың 2-бөлігі (Аса қатыгездікпен жасалған кісі өлтіру) бойынша айып тағылған. Егер қылмысы дәлелденсе экс-министр 20 жылға дейін сотталуы мүмкін.

Сізге қызықты болады