Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбішке қатысты сот үкімі шықты. Бұл туралы депутат Ермұрат Бәпи Facebook-тегі парақшасында жазды.
Депутаттың жазбасына сүйенсек, Самат Әбіш 8 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылған.
«26 ақпан күні Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі, Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының экс-бірінші орынбасары Самат Әбіш жабық соттың шешімімен 8 жылға шартты түрде сотталды», – делінген жазбада.
Еске сала кетейік, Самат Әбіш ұсталған ҰҚК экс-басшыларына қатысты қылмыстық іс бойынша куәгер болды. Өткен жылғы шілдеде ҰҚК одан куәгер ретінде жауап алынғанын хабарлады, бірақ Ұлттық қауіпсіздік органдары Әбішке қатысты қылмыстық іс тіркеген жоқ, сондай-ақ оған қатысты бұлтартпау шарасы тағайындалмады.
Осы жылдың қаңтар айында Бас прокуратура Самат Әбішке қатысты іс сотқа берілгенін хабарлады. Онда мемлекеттік құпиялар бар, сондықтан тергеу деректері жария етілмейді.