Оның пікірінше, мектепке оқушылар тек мектеп формасымен ғана келуі керек
Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі мектепте оқушылардың хиджаб кию мәселесіне қатысты «Өзекті» бағдарламасында айтты.
«Бұл – өзекті тақырып. Қоғамда кеңінен талқыланып жатыр. Бірінші кезекте зайырлы ұстанымды айтқанымыз жөн. Біздің Ата заңымыз бар, сонымен қатар, белгілі заңдар бар. Екіншіден, бұған байланысты ұстанымдар әрқилы. Кейбір қоғамдық пікір қалыптастырушылар манипуляцияға итермейлейтін сияқты. Кейбір желі қолданушылары халықаралық тәжірибеде, әлемде бұл мәселе шешімін тапқан деп үзілді-кесілді жазған екен. Меніңше бұл – фейк ақпарат. Кейбір мемлекеттерде, дамыған зайырлы, демократиялы елдерде, айталық, Еуропадағы Франция, Австрия сияқты мемлекеттер жасына байланысты хиджабқа шектеу қойған. Әрине, рұқсат ететін елдер де бар. Сондықтан бұған байланысты әлемдік тәжірибе әрқилы екенін көреміз. Әртүрлі мемлекеттің өзіне сай ұстанған бағыты, тәжірибесі бар», - дейді министр.
Сондай-ақ, Дархан Қыдырәлі Қазақстанның ұстанымын айтқан.
«Біздің де өзіндік ұстаным, бағытымыз бар. Ол – зайырлы болу және Ата заңға бағыну. Бұл мәселе Білім туралы заңда нақты көрсетілген. Мектеп формасы бекітілген. Діни сенім бостандығына да құрметпен қараймыз. Мемлекетте бұған барлық жағдай жасалған. Дін істері басқармасына қарасты медресе-колледждер бар. Соларда қыз балалардың білім алуына жағдай жасалған. Бұл мәселеге дәстүр тұрғысынан қарайтындар бар. Білім беру мекемелерінің басты мақсаты – балаға білім беру. Ең бастысы бұл тақырыпты саясиландырмау керек. Себебі саясилану, радикалдану ең әуелі діннің өзіне қаншалық қауіпті екенін Таяу Шығыстан немесе төңіректегі елдерден жақсы білеміз», - дейді министр.
Айта кетейік, жыл сайын жаңа оқу жылы басталарда еліміздің әр өңірінде хиджаб дауы тұтанады. Қыздарын мектепке орамалмен кіргізуді талап еткен ата-аналар қатары жыл санап артып келеді.