Оның айтуынша, әлдебір топ елдегі діншілдерді пайдаланып, мемлекетті басып алмақшы
Мәжіліс депутаты, айтыскер ақын Ринат Зайытов осыған дейін «Алаяқтардың 80 пайызы намаз оқитындар» деген мәлімдеме жасап басы дауға қалған болатын. Осы мәлімдемесінен кейін оған түрлі СМС жазып, қорқытып жатқандар саны артыпты. Бұл туралы депутат «Abay Live» YouTube-каналында ашып айтты.
«Біздің мемлекетте қазір дін тақырыбын пайдаланып бүлік жасағысы келіп отырған топтар бар. Ол анық. Оларға осындай шу керек. Осы уақытқа дейін олар дайындалды: түрлі діни ағымдарды кіргізді, бір діннің өзін қырыққа бөліп тастады. Бәрі діннің төңірегінен шыға алмайтындай жағдай жасады. Содан хиджабтың дауын бастады. Жылда бұл тақырып көтерілетін, бірақ биыл неге әлі басылмай жатыр? Неге Үкіметтен шешімін таппай жатыр? Өйткені бұл әңгіме керек болып тұр», - деген Зайытов өзінің сөзін біреулер қасақана бұрмалап, қоғамда осындай шу туғызып жатқанын айтты.
«Ринаттың айналасында адам көп, аудитория бар, яғни Ринат қазір аузын ашса шу болады деп зерттеді де, менің біраз уақыт бұрын сұхбатта айтқан әңгімемді кесіп алып шықты. Бірақ, соның өзінде менің сөзімді бұрмалап берді «намазхандардың 80 пайызы алаяқ» деп берді. Егер олар шын мәнінде дінге жаны ашитын адамдар болса «домбыра харам, басқа харам» демей, осы діннің атын жамылып қылмыс істеп жүргендермен күресуі керек еді», - дейді Зайытов.
Яғни, депутат намаз оқитындарды алаяқ демегенін, алаяқтардың дін атын жамылып елді алдайтынын меңзегенін айтты.
«Мен қазір ол айтқаным үшін ақталмаймын. 80 пайыз дегенім: мен көрген 10 оқиғаның 8-і. Яғни, мен көрген 10 алаяқтың сегізі намаз оқиды. Кеше маған түні бойы неше түрлі адам хабарласты. Төртеуімен сөйлестім де, миым ашып кетті. Біз сені білеміз, бүйтеміз, сүйтеміз. Сенің артыңда тұрған «братвалармен» сөйлесеміз дейді. Менің артымда кім тұр? Мен үнемі жалғыз жүремін. Жұмысқа жаяу барамын. Тізерлетіп кешірім сұратамыз деген біреуі бар. Екіншісі «сен біздің алдымызда жауап бересің» деді. Үшіншісі «сені есік алдынан күтіп алып анайы түрде «айырып кетем» деді. Бұл бірінші рет емес. Оның ішінде таныстарым да, араласып жүрген адамдар да бар. Бұл ақпараттық шабуылды көздеген адамдардың межесі», - деді ол.