«AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалында сайлауалды бағдарламаны талқылауға арналған кездесу өтті, деп хабарлайды Qonaev.info.
Партия филиалы Атқарушы хатшысының орынбасары Бекайдар Төлегеновтің төрағалығымен өткен жиынға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығынан үміткер Жадыра Таңатарова, Бақытжан Позылов, Жұмағали Білісбеков, мүмкіндігі шектеулі азаматтар ұйымдарының мүшелері, қалалық әкімдікке қарасты басқармалардың өкілдері қатысты.
Көпшілікке партияның «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасы таныстырылып, оның ішіндегі ерекше күтімді қажет ететін азаматтарға арналған бөлімдері талқыланды.
«Ресми мәлімет бойынша, Шымкент қаласында мүмкіндігі шектеулі 37 мыңнан астам тұрғын бар. Осы жерлестерімізге қолайлы жағдай жасау үшін біз 2025-2027 жылдары 150 орынды 2 жаңа оңалту орталығы салынып, пайдалануға берілуін қадағалаймыз, «Кедергісіз келешек» жобасы аясында мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдайтын қоғамдық бірлестіктерге қаржылай қолдау көрсетуге жағдай жасаймыз. Осы және басқа да шараларға қатысты өздеріңізді ұсыныстарыңызды, пікірлеріңізді тыңдауға әзірміз», – деді Бекайдар Төлегенов.
Мүмкіндігі шектеулі азаматтар ұйымдарының өкілдері өздерін толғандырған мәселелерді тиісті орган басшыларының, Мәжіліс депутаттығына үміткердің алдында ашып айтты. Оның ішінде ең өзектілері мекемелерге қол арбамен кіретін пандустардың жағдайы мен арнайы тұрақ орындары болып отыр.
Партия өкілдері мен жауапты мамандар ұсыныстар мен талап-тілектерді жазып алды.
Шымкент қаласы мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді