Қазақстанның 6 өңірінде республикалық маңызы бар жолдар әлі ашылған жоқ

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

«ҚазАвтоЖол» құбылмалы ауа райына байланысты республикалық маңыздағы күре жолдарды пайдаланушыларға үндеу жолдады, деп хабарлайды Qonaev.info.

Бүгін республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында патрульдеу жұмыстары күшейтілді.

«ҚазАвтоЖол бөлімшелері тәулік бойы, екі ауысымда жұмыс істеп жатыр. 24 ақпанда сағат 13.30-дегі жаңартылған ақпаратқа сәйкес 6 өңірде ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар автожолдардың 23 учаскесі әлі де жабық тұр. Жол қозғалысы шектелген тасжол учаскелерінің жалпы ұзындығы 2 450 шақырымды құрайды. Бұл республикалық маңызы бар автожолдар желісінің 10%-ы», - деп хабарлады ұлттық оператор өкілдері.

Осыған байланысты жол қозғалысына жауаптылар ауа райының қолайсыздығы туралы хабарламаларды назардан тыс қалдырмауға шақырады.

«Жолға шықпас бұрын ауа райы болжамын нақтылау қажет. Жабық күре жол учаскелеріне шығуға тыйым салынғанын ескерген абзал. Республикалық маңызы бар автожолдардың жабылуы туралы ақпаратты «ҚазАвтоЖолдың» бірыңғай тәулік бойы жұмыс істейтін 1403 колл-орталығына қоңырау шалу арқылы білуге болады», - делінген хабарламада.