Өткен түнде жолшылар республикалық маңыздағы бірқатар күре жолда еріген қар суын бұру жұмысын жүргізді. Бұл туралы Qonaev.info «ҚазАвтоЖол» баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
«ҚазАвтоЖол» мамандары көліктердің жүріп-тұруын үздіксіз қамтамасыз ету үшін су басу қаупі бар жол учаскелерін тәулік бойы бақылауда. Мәселен, өткен түнде жолшылар Батыс Қазақстан және Ақтөбе өңірлеріндегі үш республикалық трассаның жеті учаскесінде еріген қар суын бұру жұмысын атқарды. Атқарылған жұмыс нәтижесінде су басу қаупі сейілді. Жолшылар еріген қар суын мотопомпалармен шығарып, жол жиектерін инертті материалдары бар 2100 бірлік қаппен нығайтты. Қазір қозғалыс штаттық режимде жүзеге асырылуда.
Жоғарыда аталған жұмыс Ақтөбе облысындағы М-36 «Самара-Шымкент» тасжолының 576 және 578 шақырымдарында және А-26 «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» күре жолының 170, 182, 187 шақырымдарында жүргізілді. Ал Батыс Қазақстан облысында бұл жұмыстар М-36 «Самара-Шымкент» тасжолының 479 шақырымында және «Подстепное-Федоровка» күре жолының 11 шақырымында атқарылды», - делінген хабарламада.
Еріген қар суын бұру жұмысына 50 маман мен 20 бірлік арнайы техника жұмылдырылды.
Республикалық маңызы бар барлық автожолдар ашық, су басқан учаскелер тіркелген жоқ.