Бос сөз, құрғақ уәде емес. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасын қысқаша осылайша сипаттауға болар еді. Мұнда бұрынғыдай тау қопарып тастайтын, аспандағы айды қолға қондыра қоятын жалаң ұран жоқ. Бағдарлама түзілмес бұрын әбден елеп-екшеліп, қаржылық мүмкіншіліктер ескеріліп барып қана қабылданды. Бұл бағдарлама - бос сөз, құрғақ уәде емес. Бүгін Сәтбаев қаласындағы Ш.Ділдебаев атындағы Кеншілер сарайында орналасқан қалалық музейде өткен кездесуде Аманжол Әлтай партия бағдарламасын осылайша таныстырды, деп хабарлайды Qonaev.info.
Ол — «AMANAT» партиясынан ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына үміткер. А.Әлтаймен бірге кездесуге Ұлытау облыстық мәслихатына партиялық тізім бойынша үміткерлер Бауыржан Шыңғысов, Саят Балмағамбетов, Зина Ақылбекова, Нұргүл Талғатбекова және бір мандатты округтер бойынша облыстық, қалалық мәслихаттарға үміткерлер келді.
Жиналғандар тарапынан жемқорлықпен күрес, жастардың жұмыспен қамтылуы, медициналық мамандардың жетіспеушілігі секілді мәселелер көтерілді.
Сондай-ақ «Қазақмыс» корпорациясының еңбек ұжымдарының қалалармен байланысының әлсіздігі де айтылды. Қаланың қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік жұмысына «Қазақмыс» көбірек араласуы керек.
Депутаттыққа үміткерлердің арасында жастардың көбірек байқалатыны да әңгіме арқауына айналды.
«Жастар осы бастан қаланың шаруашылығына араласуы қажет. Көрсін, білсін, шыңдалсын. Өйткені, болашақ жастардың қолында. Ендеше, олардың депутат болуға ұмтылысын тек қана қолдау керек», - деді Бауыржан Шыңғысов.
Жиын барысында қойылған өзге де сауалдарға, көтерілген мәселелерге тиісті жауаптар қайтарылды.
Ұлытау облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған «AMANAT» партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді