Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Арнайы операция: Халықаралық қылмыстық топтан 72 тонна есірткі шикізаты тәркіленді

Азамат Ахметов

ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті өндірістік ауқымда синтетикалық есірткі шығару үшін елге прекурсорлар жеткізуді жолға қойған қазақстандық және шетелдік азаматтардан құралған трансұлттық қылмыстық топтың қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Qonaev.info ҚР ІІМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жедел уәкілдер зертханада синтетикалық препараттарды өндіру үшін қолданылатын прекурсорларды жеткізу арналарын анықтау бойынша арнайы операциялар жүргізді.

Топтың әрбір мүшесінің рөлін және басқа адамдардың қатысуын анықтау үшін «арнайы жүк» бүкіл маршрут бойы бақылауда болды. Оған әуе арқылы барлау да қолданылды.

Былтырғы қазанда арнайы операцияның бастапқы кезеңінде, сондай-ақ биылғы наурызда прекурсорлардың контрабандасына қатысқан үш шетелдік азамат елден тыс жерлерде ұсталды.

«Операцияның соңғы кезеңінде, яғни 21 наурызда Алматыда осы іс бойынша қалған фигуранттар – көршілес елдердің екі азаматы және қазақстандық тұрғын ұсталды. Олардан әртүрлі салмақта мефедрон, шетелдік полиция қызметкерінің жалған куәлігі, зип-пакеттер, электрондық таразылар, Калашников автоматының 7,62 мм калибрлі патрондары тәркіленді», - делінген хабарламада.

Қоймаларды тінту барысында ІІМ және Алматы қаласы полиция департаментінің қызметкерлері синтетикалық есірткілерді дайындау үшін қолданылатын прекурсорларды, сондай-ақ екі реакторды, яғни синтетикалық есірткілерді дайындауға арналған арнайы зертханалық жабдықты тәркіледі.

Тәркіленген прекурсорлардың жалпы көлемі – 72,7 тонна. Осылайша 8 тонна синтетикалық есірткі өндіруге жол берілмеді. Бұл – 8 миллион рет қолданылатын бір реттік доза.

Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізілуде. ІІМ синтетикалық есірткі өндірілгенге дейін прекурсорларды жою жұмысын жалғастырып жатыр.

Сізге қызықты болады