Ауа райының жиі құбылуына байланысты Талғар ауданы Бесағаш ауылы Баянауыл көшесіндегі №8 «Бурабай» коттедж қалашығында тау баурайынан көлемі шамамен 30 текше метр топырақ көшкіні орын алды, деп хабарлайды Qonaev.info.
«Бурабай» коттедж қалашығы Баянауыл көшесіндегі №16 үйдің тұрғындарын көшкіннен қорғау мақсатында 2021 жылы биіктігі 4 метр және ұзындығы 144 метр тірек қабырға салынған. Осы тірек қабырға топырақ көшкінінің тоқтауына себеп болыпты. Осылайша, үйлердің қирауы мен адамдардың зардап шеуі орын алмады.
«Аталмыш үйде 80-ге жуық адам тұрады. Жылына екі рет көшкін қаупі бар кезеңде «Қазселденқорғау» ММ мамандары қауіпті учаскелерде тұратын тұрғындарға көшкіннің болу қаупі туралы хабарлама жібереді. Қазіргі уақытта тірек қабырғасын ұзарту және тауды каскадты кесу арқылы тау массивін жеңілдету бойынша жұмыстар жүргізілуде. Құлаған топырақты шығару уақытылы жүзеге асырылуда»,- деп хабарлады Алматы облысының әкімдігі.
Жергілікті жерде «Қазселденқорғау» ММ, Төтенше жағдайлар департаменті, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі және «Қазгидроспецстрой» ЖШС қызметкерлері жұмыс істеуде.
Еске сала кетсек, өткен айда аталған көшедегі жотаның үстіне салынған үй қираған болатын.