Шымкенттегі оқиға: жүргізуші автобустың қол тежегішін қоюды ұмытып кеткен

Азамат Ахметов
Фото: Otyrar.kz

Шымкентте алты адамның өліміне себеп болған оқиғада автобустың қол тежегіші басылмағаны анықталды. Бұл туралы арнайы өткен брифингте автопарк пен жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері мәлім етті, деп хабарлайды Qonaev.info.

Otyrar.kz телеарнасының мәліметіне жүгінер болсақ, қоғамдық көліктің жүргізушісі жұмысын аяқтап, автобусты қалдырып кеткен. Ал қоғамдық көлік осы сәтте төмен қарай құлдилай жүріп, жылдамдығын арттырған. Көп ұзамай жолдың қарсы бағытына шығып, жаяу жүргіншілерді қағып кетті. Бұл кезде автобус ішінде жүргізуші болмаған. Видеоны көргеннен кейін жүргізушінің қол тежегішін жол апатынан кейін қойғаны белгілі болды.

Көлік қызметкерлерінің айтуынша, автобус техникалық жағынан дұрыс болған.

Тиісті бөлім басшысы Мұхтар Қоқанбаев қайғылы оқиғаның себебі адами фактор екенін айтты. Ол енді көлік компанияларына талап күшейтілетінін жеткізді. Сондай-ақ барлық автобус парктерінің басшыларына автобус жүргізушілерін қайта аттестациядан өткізу тапсырылған.