Астанада 27 229 мың көлік жүргізушісінің 1 млрд теңгеден астам айыппұл берешегі бар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ішкі істер министрінің тапсырмасымен патрульдік полиция қызметкерлерінің планшеттерге «Сергек» бейнекамераларымен біріктірілген «Қорғау» жүйесі қосымшасы әзірленді. «Қорғау» енгізілгеннен бері жалған мемлекеттік жүргізуші куәлігі бар 101 жүргізуші анықталды. Сонымен қатар көлік басқару құқығынан айырылған 1 296 адам ұсталды. 903 көлік айыптұраққа қойылды. 27 229 мың жүргізушіге 1 млрд теңгеден астам айыппұл берешегі бар екені хабарланды», - деді Астана қалалық Әкімшілік полиция басқармасының бөлім басшысы Бауыржан Тоғжұманов БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде.
Сонымен бірге ол жыл басынан елорда аумағында 110 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, салдарынан 6 адам қаза тапқанын айтты. Бұған қоса, 123 адам әртүрлі дене жарақатын алған.