Жаңаөзен қаласындағы тұрғын үйлердің бірінде газ жарылып, салдарынан 11 адам зардап шекті. Бұл туралы Qonaev.info Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Оқиға 17 сәуірде таңғы сағат 5 шамасында (Астана уақытымен) Жаңаөзен қаласындағы 2-шағын ауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі екі қабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала болжам бойынша газ жарылған. Салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған.
Оқиға орнында өрт болған жоқ (үйдің жалпы ауданы 600 ш.м.). Алдын ала мәлімет бойынша, 11 адам зардап шеккен, олар медицина қызметкерлеріне тапсырылды. Жарылыстың себебі анықталып жатыр.
Апат орнындағы жедел үйіндінің арасын ашу жұмысына Маңғыстау облысы ТЖД 50-ден астам құтқарушы және кинологиялық есептоп, 10 бірлік техника, жедел медициналық көмек және жергілікті атқарушы органдары жұмылдырылды.