Жаңаөзендегі жарылыстан зардап шеккен 13 адам ауруханаға түсті. Оның ішінде 29 жастағы ер адам қайтыс болды, деп хабарлайды Qonaev.info.
Mangystaumedia.kz мәліметіне жүгінер болсақ, екі адам жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр, бірінің 80 пайыз, екіншісінің 50 пайыз денесін күйік шалған. Ал қалалық аурухананың баспасөз қызметі мәліметінше басқа адамдардың жағдайы қанағаттанарлық.
Оқиға орнына облыс әкімі Нұрлан Ноғаев та барған. Үйіндіні аршу, құтқару жұмысы жалғасып жатыр.
Айта кетейік, оқиға 17 сәуірде таңғы сағат 5 шамасында (Астана уақытымен) Жаңаөзен қаласындағы 2-шағынауданда екі кіреберістен тұратын 12 пәтерлі 2 қабатты тұрғын үйде болған. Алдын ала болжам бойынша газ жарылғаны хабарланды. Ал салдарынан 150 шаршы метр кіреберіс қираған.