Қазақстандықтардың қандай несиесі кешіріледі?

Азамат Ахметов

Мәжілісте Қаржы нарығын дамыту және реттеу агенттігінің (ҚНДРА) төрағасы Мәдина Әбілқасымова алаяқтықпен күресу шаралары туралы айтты, деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Әбілқасымованың айтуынша, агенттік екінші деңгейлі банктермен меморандум дайындап, қазір қол қою барысында, оған сәйкес банктік операция алаяқтық деп танылса, мұндай несие бойынша сыйақы есептеу тоқтатылады.

"Сотта мұның жалған несие екені және пайдаланушының өзі бұл қаражатты алмағаны дәлелденген кезде, банк бұл соманы қайтарады. Несие толығымен есептен шығарылады немесе егер ол пайдаланушының жеке қаражаты болса, оған қайтарылады", – деді Әбілқасымова.

Бұл ретте қаржы реттеушісінің төрағасы бұл үшін заңнамалық деңгейде белгілі бір өзгерістер қажет болатынын және олар депутаттардың қолдауына үміт артып отырғанын атап өтті.

"Сонымен қатар, жол картасы аясында түзетулер дайындадық. Ақпараттық қауіпсіздік процедураларын сақтамау салдарынан алаяқтық тіркелген жағдайда қаржылық ұйымның залалды өтеу жауапкершілігін заңнамалық деңгейде белгілеуді ұсынамыз. Осы мәселелерді Парламент қарауына енгізуге қолдау көрсетуді сұраймыз", - деп қосты агенттік төрағасы.

Теги: