Серік Күдебаевтың ұлы әкесінің өз еркімен берілгенін айтты

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы бастығы Серік Күдебаевтың ұлы Арман Мырзақұлов әкесінің ұсталғанына қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Qonaev.info.

Арман Мырзақұловтың айтуынша, халықаралық іздеуде болған генерал-майор құқық қорғау қызметкерлеріне өз еркімен берілген.

«Кенже інім Асанбекке хабарласып, «мен еліме қайтып бара жатырмын, мен сендерді жақсы көремін, еліме ораламын. Мен қазір хабарластым, мені алып кетеді» деп айтыпты. Ал бұқаралық ақпарат құралдарында ұстадық деп жазып жатыр», - деді Күдебаевтың екінші ұлы Арман Мырзақұлов.  

Осыған дейін Серік Күдебаевтың шекара асып Түркия еліне қашып кеткені мәлім болған еді. Ал күні кеше ғана Бас прокуратура генерал-майордың елге жеткізілгенін хабарлады.