Түркістан облысында суға батып кеткен қыздың денесі табылды

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Келес ауданында 11 жасар қыз суға батып кетті. Оқыс оқиға аудандағы Абай ауылында болған. Бұл туралы Qonaev.info Отырар басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

8 мамыр күні 4-сынып оқушысы сағат 17:00 шамасында «Ошақты» каналына құлап кетіп, қайта шыға алмаған.

Оқиға кезінде жасөспірімнің қасында болған құрбысы оның ойнап жүріп, абайсызда суға батып кеткенін айтқан. Жасөспірімді іздеу шараларының нәтижесінде кешкі сағат 21:20-да қыз баланың мәйіті, құлаған жерінен төмен қарай 5 шақырым жерден табылып, судан шығарылды.

«Дос қызымен бірге Ошақты каналының маңында жүріп, абайсызда түсіп кеткен. Осы қызды іздестіру мақсатында ТЖБ 2 қызметкер, 19 өрт сөндіру бөлімінен 4 қызметкер, полиция бөлімінен 8 қызметкер, жергілікті атқару органдардан 4 қызметкер және туыстардан 12 адам іздестіру жұмыстарына жұмылдырылды. Іздестіру кезінде Ошақты каналының суы уақытша тоқтатылып, түсіп кеткен жерінен шамамен 5 шақырым жерден қыздың денесін кешкі сағат 21:20-да шығарылды», - деді Келес аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері Шыңғысхан Уатбаев.