АҚШ-тан Қазақстанға пошта арқылы жарты кило есірткі жөнелтпек болған - ҚМА

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Бір топ адам Қазақстанға АҚШ-тан халықаралық пошта жөнелтілімдері арқылы есірткі әкелуге әрекет еткен. Бұл туралы Qonaev.info Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.

Есірткі заттары басқа зат түрінде штаттардан Алматы қаласына жіберіліп, одан ары Астанаға жөнелтілген.

ҚМА елордалық Департаментінің қызметкерлері есірткі заттарын одан әрі бақыланатын жеткізуді жүзеге асырды.

"Сарапшының қорытындысына сәйкес, зат есірткі болып табылады. Жалпы салмағы 500 гр. болатын кептірілген марихуана. Сәлемдемені Астана тұрғыны алып, одан әрі орау үшін басқа азаматқа берді. Аталған азаматтар сәлемдемені қабылдау-тапсыру кезінде ұсталды. Олар УҰИ қамалды", - делінген хабарламада.

ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге де ақпарат жария етуге жатпайды.