Қаржы мониторингі агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бірқатар тұлғаға қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр.
Ведомство мәліметінше, күдікке ілінген тұлғалар шаруа қожалықтарының реквизиттері мен құжаттарын пайдалана отырып, тауарларды, жұмыстар мен қызметтерді орындамай, шот-фактуралар жазып берген.
«Жалған шот-фактуралар субсидияланатын таңқурай түрлерін жеткізуге жазылып, кейін шаруа қожалықтарының атынан субсидиялар алуға электронды өтінімдер берілген. Тексерулер нәтижесінде фермерлерде таңқурай егістік алқаптары жоқ болып шықты. Аталған азаматтар мемлекеттен 800 млн теңгеден астам сомаға субсидия алған», - делінген хабарламада.
Алаяқтық фактілері бойынша 4 қылмыстық іс тіркелген. ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етуге жатпайды.
«ҚР Конституциясының 77-бабына және ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 19-бабына сәйкес адам қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі заңды күшіне енген сот үкімімен белгіленгенге дейін кінәсіз деп есептеледі», - деп ескертті агенттік өкілдері.