Күні кеше «Respuplica» партиясының депутаттары еліміздегі құмар ойын ошақтарын жабу туралы ұсыныс көтеріп, аталған мәселені ашық талқыға салған болатын. Қазақстандағы букмекерлік кеңселердің өкілдері бұл шешімнің дұрыс еместігін айтып, оның кері әсері болатынын жеткізді, деп хабарлайды Qonaev.info.
Аталған мамандардың пікірінше, букмекерлік кеңселер заңды түрде жабылғанымен, олардың орнын жүздеген онлайн-казинолар мен оффшорлық кеңселер алмастырады. Нәтижесінде лудомандардың саны бірнеше есеге артуы да ғажап емес.
«Бұл ретте ұзақ жылдар бойы оңалту орталығындағы адамдармен жұмыс істеген психологтар мен еріктілердің еңбегі зая кетуі мүмкін. Оңалтудан өткен пациенттер қайтадан тәуелділікке салынып, өз-өзіне шектеу қоя алмай қалу ықтималдығы да жоғары. Бұрынғы ойыншылар шындыққа жанаспайтын үлкен коэффициенттерге қызығып, нәтижесінде құмар ойынға әуес адамдардың саны күрт артса таңғалмаймын. Бәлкім, тыйым салу туралы шешім қабылдаған мәжілісмендер мәселенің мәнін әлі жете түсінбеген де шығар», - дейді құмар ойындарға тәуелді азаматтарға көмек көрсетіп жүрген еріктілердің бірі К.Дәулет.
«Respuplica» партиясы депутаттарының мәселеге біржақты көзқараспен қараған сықылды. Өйткені, олардың бағдарламасында Қазақстанда букмекерлік кеңселерге тыйым салынады деген «құрғақ уәде» бар. Есесіне, ойын автоматтары, лотереялар, казино туралы бір де бір мәселе көтерілмеген. Дәл осы ойын түрлері көбіне ойыншылар үшін қауіпті саналады. Өйткені оған тәуелді болған адам оңайлықпен өзін шектей алмайды.
Букмекерлерге тыйым салу бастамасы әртүрлі саладағы азаматтардың тарапынан көп сынға ұшырады. Олардың қатарында спорт, медиа, жарнама, әлеуметтік зерттеулер салалары бар. Енді оған тәуелділікпен күрес саласындағы мамандар да қосылып отыр.
Дәулет бұған дейін ойынға тәуелді болған, содан кейін мамандардың көмегімен өзін шектеген. Оңалтудан кейін волонтерлік қызметпен айналысып, бірнеше бейінді ұйымдармен жұмыс істеген. Мәселені шешу үшін Дәулет халықпен бір уақытта түрлі бағытта жұмыс жүргізуді ұсынды. Атап айтқанда, ол қазақстандықтардың қаржылық сауаттылығын арттыру, салауатты беттинг мәдениетін қалыптастыру және лудомандарды оңалтуға көп көңіл бөлу өте маңызды деп есептейді. Бұл пікірмен пациенттермен тікелей жұмыс істейтін басқа да қоғам белсенділері, психологтар да келісіп отыр. Олардың басым бөлігі заңды құмар ойындар нарығына қатаң тыйым салуды жөн деп есептемейді.
Заңсыз кеңселердің жаппай таралуы заңгерлерді де алаңдатады. Азаматтық және қаржылық құқыққа маманданған заңгер Рүстем Ащеулов адамдардың көбі алаяқтыққа тап болып, нәтижесінде экономикаға орасан зор зиян келуі мүмкін деген ойын жеткізді.
«Егер заңды букмекерлік кеңселерге тыйым салынса, айналымдағы қомақты ақша ағынына бақылау жасау қиынға түседі. Бәс тігу бәрібір тоқтамайды, адамдар бұған үйренді. Демек олар заңсыз букмекерлік кеңселерге барады деген сөз. Өйткені, қазір интернетте бәрі қолжетімді. Ал ол жерде қазақстандықтарға ешқандай шектеу, ереже, заң әсер етпейді. Олар халықты жүздеген миллион долларға тақырға отырғызуы мүмкін. Бәрі оффшорларда кетеді, оларды ешкім таба алмайды, дәлелдей алмайды. Бұдан бюджетке қандай шығын келетінін білесіз бе? Онда бәрі қаржылық мониторингісіз өтеді, салық жоқ», - дейді ол.
Рүстем Ащеуловтың пайымдауы ойын нарықтарының халықаралық талдауымен сәйкес келеді. Азиядағы онлайн-беттингтің жай-күйі туралы 2022 жылы дайындалған есеп желідегі заңсыз букмекерлік кеңселердің жоғары үстемдігін көрсетіп отыр. Сол зерттеуден, сайттардың тек 39%-ы лицензияланғанын, ал олардың 61%-ы көптеген елдерде іс жүзінде заңсыз болғанын көруге болады. Қолданушылар негізінен (76%) заңды сайттарға кіргенімен, трафиктің ең көп өсуі (64%) бақыланатын нарығы бар елдердің сайттарымен салыстырғанда нашар реттелетін сайттардан (36%) келген. Сондай-ақ, барлық сайттардың 42%-ның «айналары» бар, олардың 4%-ы ғана толық лицензияланған және реттелетін сайттар.
«Айна» - заңсыз кеңселердің ең нашар ерекшеліктерінің бірі. Бұғатталған жағдайда, олар 2-3 минут ішінде «айна» сайтын қосады. Ал бізге бұл бұғаттауға қол жеткізу үшін бірнеше күн қажет. Олармен жан-жақты күресу мүмкін емес. Қазақстанда алаяқтарға қарсы тұратын қажетті құралдар жоқтың қасы», - деп сөзін түйіндеді Рүстем Ащеулов.
Ал жоғарыда пікір білдірген К.Дәулет есімді ерікті азамат Қазақстандағы кейбір заңды букмекерлер лудоманияның алдын алуға, осы саладағы жобаларды іске асыруға көмек көрсетуге, зерттеулерді ұйымдастыруға, волонтерлік бірлестіктердің жұмысын қолдауға, оңалту бағдарламаларын іске қосуға бұрыннан дайын екенін айтады. Егер ресми букмекерлік кеңселерге тыйым салынған жағдайда олардың орнына келетін заңсыз орталықтар мұндай ауқымды жұмысты оңай еңсере алмайтынын айтты.
«Бұл логиканы мүлдем түсіне алмаймын. Қазақстандықтарды қорғауы керек адамдар өз қолдарымен халықты алаяқтардың қолына тапсырып жатыр. Мұны тек жеке қызығушылықпен түсіндіруге болады, басқаша түсініктеме бере алмаймын», - дейді К.Дәулет.
Расымен де Дәулет секілді бұл шешімге әлі ешкім басқаша түсініктеме таба алған жоқ. Бірақ кенеттен жаңадан сайланған депутаттар тек өз мүдделерін басшылыққа алар болса, онда көпшілікке «сайлау жаңа депутаттар интернет-қылмыскерлердің пайдасына бола заңды бизнесті жоюға мүмкіндік алу үшін өткізілді ме?» деген сұраққа жауап іздеу керек болады.