Жаркентте үш жасар бүлдіршін каналға құлап, қайтыс болды

Азамат Ахметов

Жаркентте ұшты-күйлі жоғалып кеткен үш жасар бүлдіршіннің мәйіті суару каналынан табылды, деп хабарлайды Qonaev.info аймақтық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Алмалы кентінің тұрғындары Жетісу облысы Панфилов ауданының полицейлеріне 3 жасар баланың жоғалып кеткені туралы өтінішпен жүгінген. Айтуларынша, бала өзінің үйінің ауласында ойнап жүріп, жоғалып кеткен.

Іздеуге 100-ге жуық адам шыққан. Олар баланың денесін арықтан тапқан.

«Кентке кіретін су жабылды. Суару каналындағы су көлемі азайғаннан кейін жоғалған баланың денесі оның үйінен 3 км қашықтықта табылды. Болжам бойынша бала арнаға құлап кеткен, қатты ағыс алып кеткен», - деп хабарлады Жетісу облысының полиция департаменті.

Тәртіп сақшылары азаматтарға әсіресе жазғы демалыс кезінде балаларға жауапкершілікпен қарауды ескертті.