«Өзі кінәлі»: Бейбіт Шүменов баласы бар ер адамды не үшін ұрғанын түсіндірді

Азамат Ахметов
Фото ашық дереккөзден

Кәсіпқой бокстан әлем чемпионы Бейбіт Шүменов Астанадағы дәмханалардың бірінде ер адамды не үшін соққыға жыққанын түсіндірді. Спортшының айтуынша, төбелеске кішкентай балалар арасындағы кикілжің себеп болған.

Еске салайық, танымал боксшы қолында кішкентай баласы бар ер азаматты сабап ұрған. Осы сәттің видеосы әлеуметтік желілерде екі күннен бері қызу талқыланып жатыр. Полиция аталған жайтқа байланысты «Бұзақылық» бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатқанын мәлімдеді. Оқиғаның өзі болса 18 маусымда болған.

Бейбіт Шүменов бүгін аталған жайтқа байланысты мәлімдеме жасады. Оның сөзінше, алдымен екеуінің балалары жанжалдасыпты. Мән-жағдайды анықтамақ болғанында зәбір көрген ер адам Шүменовке ауыр және балағат сөздер айтқан көрінеді. Ашуға булыққан ол жұдырығын ала жүгірген.

«Менің 8 жасар ұлым ойнап отырған кезде оның баласы барып арқасынан бірнеше рет ұрған. Балам маған айтып келді, арқасы шынымен де қызарып қалыпты. Барып мән-жағдайды сұрасам: «иә, ұрды, маған не істейсің» деп жауап берді», - дейді Шүменов өзінің Instagram-парақшасында.

Оның айтуынша, «таяқ жеген» ер адам ешқандай жарақат алмаған. Мұны медициналық сараптама көрсетті дейді.

«Бұл жағдайда мен кішкентай баладан кешірім сұрағым келеді, оның осындай жағдайға куә болғанына өкінемін. Қазіргі таңда біз татуластық. Мені қаралағысы келгендерге айтарым: мен ешқандай пиарға қызықпаймын, лас ойындарға араласқым келмейді», - дейді танымал боксшы.