Күдікті марқұмдармен бірге тұрған
Алматы облысының Ащыбқлақ ауылында ер адам өзімен бірге тұрған әйелді және оның екі баласын өлтірді деген күдікке ілінді. Қылмысын жасыру үшін ол оқиға болған үйді өртеп жіберген.
Іле аудандық полиция басқармасына қоңырау 14 қыркүйекте келіп түскен. Ауылдағы өртенген үйден 1981 жылы туған әйел, оның 2010 жылы туған қызы мен 2015 жылы туған ұлының мәйіті табылған.
«Аталған дерек аудандық полицияда ҚР ҚК 99-бабы (кісі өлтіру) бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта күдіктіні анықтау және ұстау бойынша жедел іздестіру жұмыстары жүріп жатыр. Бүкіл аудандық полиция бөлімшелеріне және көршілес өңір полициясына ақпарат жолданды», - деді Алматы облысы ПД бастығы Бауыржан Әленов.
Оның айтуынша, түпкілікті процесуалдық шешім қабылдау үшін барлық қажетті сараптамалар тағайындалып, тергеу шаралары жүріп жатыр.