12 тас жол жабылды-ҚазАвтоЖол

Азамат Ахметов
Фото: Ашық дереккөзден

Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Қостанай, СҚО өңірлеріндегі ұзындығы 720 шақырым болатын республикалық маңызы бар 12 автомобиль жолында көліктің барлық түрінің қозғалысына шектеу қойылды, деп хабарлайды Qonaev.info.

Халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында ауа райының жылынуы мен қардың тез еруі салдарынан Ақмола, Қостанай, СҚО облыстарындағы 8 жол жүру учаскесінде жалпы ұзындығы 6725 метр болатын су тасқыны орын алды.

«КазАвтоЖол» ҰК баспасөз хатшысы Сәкен Ділдахмет еліміздегі су тасқыны салдарынан халықаралық және республикалық автожолдарда орын алған жағдайлар жайында баяндама жасады. 

 «Ақмола облысында «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 377-440 шақырымы, «Жезқазған-Петропавл» тас жолының 440-536 шақырымы учаскелерін айналып өту үшін жергілікті полиция қызметкерлерінің сүйемелдеуімен қара жол арқылы альтернативті маршрут ұсынылып, көлік қозғалысы қамтамасыз етілді. Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш - Ембі - Шалқар - Ырғыз» тас жолының 3-92 шақырымы жабық учаскесін айналып өту үшін «Қандыағаш-Темір-Кеңқияқ-Жағабұлақ-Жем» аудандық тас жолының 235 шақырымы арқылы альтернативті маршрут ұсынылды», – деді спикер.

Қазіргі таңда республикалық жолдарда 794 бірлік техника мен 1945 адам су тасқынын алдын алу бойынша жұмыс атқаруда.