Алматыда заңсыз салынған тағы 100 нысан сүрілуі мүмкін, деп хабарлайды Qonaev.info.
Былтырдан бері қала құрылысын бақылау басқармасы ешқандай рұқсатсыз құрылыс бастап кеткен мердігерлердің үстінен сотқа 206 арыз түсірген. Оның 106-сы әкімдіктің пайдасына шешіліпті. Яғни, құрылыс барысы дереу тоқтатылып, ал қабырғасы көтерілген ғимараттар біртіндеп сүріліп жатыр. Соның ішінде таулы аймақтағы 30 нысан сүрілген. Рұқсатсыз салынған ғимараттардың басым бөлігі тұрғын үй кешендері. Сондай-ақ, жапсарлас салынған құрылыс пен бөлек тұрған әкімшілік ғимараттар және мейрамханалар да бар. Жоспарсыз тексерістен кейін заңбұзушылықтың орын алғаны белгілі болса, құрылыс компаниясына өз еркімен нысанды сүруге екі ай уақыт беріледі. Егер талап орындалмаса сүру бойынша сотқа талап- арыз жолданады.
«Жыл басынан бері қаланың құрылыс нысандарында 377 жоспардан тыс тексеру жүргізіп, заңбұзушылықтарды жоюға 211 ұйғарым берді. 2023 жылы 1074 тексеру жүргізіліп, 634 нұсқама берілді. Ведомство өткен жылдың басынан бастап сотқа құрылыс нормаларын бұзғаны үшін 206 талап арыз жіберілгенін хабарлады. Оның 100-і бойынша талқылаулар бүгінгі күнгедейін жалғасуда»,- деп мәлімдеді қала құрылысын бақылау басқармасы.