Жамбылда 500 гектар алқапқа егілген алмақ бақтары тегіс қурап қалды, деп хабарлайды Qonaev.info qazaqstan.tv-ға сілтеме жасап.
Кезінде коперативке біріккен шаруалар алма өсірмек болып, аграрлық корпорация арқылы миллиондап несие алған. Бірақ, қаржы уақытылы берілмей,ағаштар кейін кеселге ұшыраған. Ал, агрокомпания шығынымызды өтеудің орнына енді төлемді мойнымызға міндеттеп жатыр дейді шаруалар.
Бағбандар интенсивті бақтың игілігін көрмедік дейді. 50 гектар алқаптың алма егуге арналмағанын айтады. Әу баста қамысы қаулаған, құнарсыз топырақ таңдалғандықтан сербиялық сорт тегіс солып қалған.
Шоқай ауылы маңындағы он кәсіпкер 2015 жылы агрокорпорацияның айтуымен алма өсіретін коператив құрады. Сөйтіп иеліктеріне шетелдік алманың төрт түрлі тұқымы егілген дайын бақ беріледі. Алайда 125 мың түп алма ағашын жайқалту үшін бар жағдайды жасаймыз дегендер уәдесінде тұрмады деп налиды.
"Өз ақшаларымызды шығарып бейнеттеніп жатырмыз. Мынау енді агроном жоқ. Сол алмаларға қарайтын агроном болу керек еді. Дұрыс емес жерге отырғызғаны бір, шетелден келген алма жерсінбей жатыр", - дейді бағбан Серік Ералиев.
Шаруалар алма бақ ашылғалы екі жыл бойы ешқандай қаржылай көмек алмаған. Күтіп-баптауға 40 млн теңгеге жуық қаржыны қалталарынан шығарады. Сөйтіп жүргенде бақ ағаштары бактериялық күйікке шалдығып, дарақтар қарайып кеткен.
"Химикат сеуіп береміз, ештеңе шықпайтын болады. Сендер қарық боласыңдар, алма бақты, бәрін бітіріп береміз, сендер аласыңдар да жемісін көріп, сертификат береміз сіздерге шетелге сата бересіңдер, біз көмектесеміз деді қор. Сатпақ тұрмақ бір тиын көрген жоқпыз", - дейді бағбан Убайдулла Сериев.
Шаруалар шарт бойынша 700 млн теңгеге жуық қаржыға салынған бақты 10 жылда төлеп бітуі тиіс. Олар өнім алмағандықтан 6%-дық несиені жабуға шамалары жоқ. Ал агрокорпорация тарапы мәселені қаржылық құпия деп отыр.
"Енді көптеген проблемалар бар. Кейбір шаруаларда су жоқ дейді. Бірақ су бар. Енді ол әркімнің өз сылтауы бар. Қарыз алушылар туралы мәліметтерді жария етуге құқығымыз жоқ", деді «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Жамбыл облыстық филиалы директорының орынбасары Бауыржан Тәжібаев.
Ал аймақ бойынша 1 200 гектарға жуық қарқынды бақ бар десек, оның қаншасы қурап қалғанынан басқармадағылар бейхабар. Бірақ күйген алма ағаштары үшін өтемақы төлеуге дайын.
"Егер ол 100 пайыз карантиндік күйікке шалынып, ереже талабына сәйкес жойылатын болса, оған өтемақы төлеп беруге мүмкіндік бар", - деді Ауыл шаруашығы басқармасы басшысының орынбасары Шәкім Момынқұлов.
Ал Жамбыл және Байзақ аудандары бойынша 500 гектар алқап қурап қалған. Бағбандар есебінше жалпы шығын 7 млрд теңгеге жуықтайды. Сондықтан олар соңына дейін соттасуға дайын.