Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

Қосшы қаласында электр нысандарын салу кезінде 222 млн бюджет қаржысы жымқырылған

Азамат Ахметов
Фото: ашық дереккөзден

Қосшы қаласында сыртқы электрмен жабдықтау объектілерін салу кезінде 222 миллион теңгеден астам бюджет қаржысы жымқырылды. Бұл туралы Ақмола облысы прокуратурасының баспасөз қызметі мәлім етті.

Прокуратура мәліметінше, аталмыш қылмыс прокурорлық тексеріс барысында анықталды.

«Тапсырыс беруші ретінде Қосшы қаласының құрылыс бөлімі трансформаторлық қосалқы станцияларды орнатпаған. Алайда 222,2 миллион теңге мөлшерінде негізсіз төлем жүргізіп, осы жұмыстарды орындау туралы актілерге қол қойған (2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін жұмыстар орындалған жоқ). Арнайы прокурорлар басқармасы осыған байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабының 4-бөлігі 2-бөлімшесі (аса ірі көлемде жымқыру) бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр», - деді прокуратураның баспасөз қызметі.

Қазіргі уақытта тергеу органы соттың санкциясымен құрылыс бөлімінің басшысын қамауға алды.

«Осы ретте, прокуратура бюджет қаражатын жымқырғандарға ҚР Қылмыстық Кодексінің 189-бабы 4-бөлігі 2-бөлімшесі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылғанын хабарлайды. Өзге ақпарат тергеу мүддесі үшін жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.
 

Сізге қызықты болады