Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Денсаулық сақтау министрлігі Фармация комитеті бұрынғы төрағасының міндетін атқарушы Лариса Пакқа қатысты қылмыстық істі тергеуге қатысқан Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының бұрынғы қызметкерлерінің рұқсат етілмеген тергеу әдістерін қолдану фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеуді бастады. Бұл туралы Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеді.
2017 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде тергеу-жедел тобы қылмыстық істі тергеуге алды. Алайда ол кейіннен қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылды. 2019 жылдың 6 шілдесінде аталған іс бойынша күдікті Л.Ю.Пак қайтыс болды.
Осылайша 2020 жылдың 7 желтоқсанында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Лариса Пак әрекеттерінде қылмыс құрамының болмауына байланысты толық ақталғанын хабарлады.
«Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі таратылған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының құқықтық мұрагері ретінде Лариса Юн-Бойевна Пактың туыстарына қайғырып көңіл айтады және келтірілген зиян үшін ресми кешірім сұрайды. Тергеу жалғасуда. Өзге ақпарат тергеу мүддесінде жария етуге жатпайды», - делінген хабарламада.