Алматыда жасөспірім қыз жоғалып кетті

54 млрд теңге жұмсалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының шарапатын кімдер көрді?

Азамат Ахметов
Фото: ашық дереккөзден

Былтыр күзде Үкімет «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасын бекітіп, оған бюджеттен 120 млрд теңге қарастырылатын болды. Бұл бағдарлама 2017 жылғы 12 сәуірде жарияланған Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы негізінде дайындалған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жалғасы. Бұл бағдарламаны жүзеге асыруға жоспарланған бесжылдықта бюджеттен 54 млрд теңге бөлінген болатын. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысы бойынша 20 жоба мен 113 іс-шараға – 7,7 млрд теңге, Қостанай облысында – 38 жоба мен 419 іс-шараға – 3,6 млрд теңге, Қарағанды облысында 430 жоба мен 3,2 мың іс-шараға 12,3 млрд теңге, Оңтүстік Қазақстан облысында – 16,2 млрд теңге қарастырылған.

Бұған қоса, 33,1 млрд теңгені әскери қызметкерлер мен ішкі істер органы қызметкерлерінің жалақысын көтеруге жұмсаған және екі ұшыру кешенін салу, Назарбаев Университетінің оқу блоктарын кеңейту де «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыруға бөлінген қаражат есебінен бөлінген, деп хабарлайды Qonaev.info Azattyq Ruhy сайтына сілтеме жасап. 

БАҒДАРЛАМА СЕМИНАР ӨТКІЗІП ЖҮРГЕНДЕР ҮШІН АҚША ТАБУ ҚҰРАЛЫНА АЙНАЛДЫ

Саясаткер Дос Көшім бұл бағдарлама бастапқы мақсат-міндетінен әлдеқайда алшақтап кеткенін жеткізді.

«Рухани жаңғыру» деген бағдарлама алғаш жарияланғанда оның не екенін түсінген жоқпын. Қазір де түсінетінім шамалы. «Жаңғыру» деген сөз бұрынғысына қайтып оралу, өткенінде жоғалтқанын табу, соны ұлықтау деген мағына береді. Рухани жаңғыру қай уақытта жүзеге асады? «Мен қазақпын» деген сөз қайтып келген уақытта, балаларымыз қазақ мектебіне барған кезде рухани жаңғырдық деп айтуға болады. Бұл жерде мәселе ұлттың рухани жаңғыруында болып отыр. Бағдарламада оның бірін де көрген жоқпыз. Бізде ол басқа әлемді зерттегенмен бірдей болды.

«Рухани жаңғыру» деген желеумен семинар өткіземіз, соның төңірегінде көп әңгіме айтылады. Бірақ нақты іс-қимыл жоқ. Егер бағдарлама іске аспай тұрғанда тегі «ов, ев, ова, евамен» аяқталатындардың үлесі Қазақстан бойынша 30% болатын болса, «Рухани жаңғыру» аяқталғаннан кейін бұл көрсеткіш 100 % болуы тиіс еді. Міне, сонда рухани жаңардық деп айтуға болады. Бірақ іс жүзінде олай болған жоқ», - дейді Дос Көшім.

Оның айтуынша, бағдарлама семинар өткізіп жүргендер үшін ақша табу құралына айналған. Бұл кеңес кезінде қолданылған идеологиялық тәсіл ғана.

«Кез-келген бағдарлама соңына келгенде нәтижесі көрінуі керек. Оның арнайы критерийлері болады. Оны «көзбен көріп, қолмен ұстауға болады». Бұл жерде мәселе қанша семинар мен конференция өткенінде емес, халық сезіне алатын өзгерісте болып отыр. Жиын өткізумен, кітап шығарумен, баяндама жасаумен шектелді. Былайша айтқанда, ешкім түсініп болмайтын тұман сияқты. Оның шын мәнінде пайдасы, өміршеңдігі, нәтижесі ешкімге маңызды емес», - дейді саясаттанушы.

ҚАЗАҚ МЕКТЕБІНЕ БАРАТЫН БАЛАЛАРДЫҢ ҮЛЕСІ АЗАЙЫП БАРАДЫ

Дос Көшімнің пікірінше, осыдан 7 жыл бұрын қазақ мектебіне баратын балалардың үлесі 65% болса, қазір – 63,5%. Бағдарлама нәтижелі болса, шығарылған кітаптар оқылатын болса, көрсеткіш артуы тиіс еді. Керісінше түсіп кетті.

«Рухани жаңғырғанымыз осы ма? Егер жыл сайын бұл көрсекішке 5% қосылып отырса, атқарылған жұмыстан нәтиже бар деп айтуға болар еді. Бағдарлама аясында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын іске асырамыз деп әр салада қызмет ететін азаматтардың фотосын әр жерге іліп қойды. Одан не шығады? Аты аталып, тізімге енгендер сияқты мыңдаған қазақстандық бар. Мен осындай жобаларды мүлдем түсінбеймін. Бұның барлығы идеологиялық жұмыстар. Кеңес кезінде осындай жобаларды «ұраншылдық» дейтін. Бұл да соның бір көрінісі», - дейді ол.

Оның айтуынша, қазақтың 5 парызы бар. Бірінші, қазақтың тегін қазақшалау. Екіншіден, мүмкіндігінше барлығы қазақ тілінде сөйлеп, қазақ тілінде жазуы керек. Ұлттық тілді сақтап қалу және қолданыс аясын кеңейту де ұлттық жаңғырудың негізгі тетіктерінің бірі.

«Үшіншіден, қазақтың мәдениеті мен тіліне құрметпен қарау керек. Біз осы арқылы ұлт, халық болдық. Келесі екі бағыт билікте қазақ тілінің мәселесі, ұлттық құндылыққа қатысты мәселе көтерілген кезде жоғарыда отырғандар соның қасынан табылуы тиіс. Әр елдің осындай парызы бар. Отарлау кезінде бізге осы парызды ұмыттырды. Бұл біздің рухани дүниеміз еді. Ендігі кезекте біз соған қайтып келуге тиіспіз», - дейді Дос Көшім.

«РУХАНИ ЖАҢҒЫРУДАН» БАС ТАРТЫП, БӨЛІНГЕН ҚАРАЖАТ ЕКІ ЕСЕ ҚЫСҚАРДЫ

Осыдан 2 жыл бұрын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бағдарламаны жүзеге асырудың үш жылында оның орындалуына қатысты сынның көбірек түскенін айтқан болатын. Тіпті, аталған министрлік «Рухани жаңғыру» бағдарламасын реформалауды және шығынды азайтатынын да мәлімдеген еді.

«Қаржыландыру негізінен екі бағыттағы жұмысқа бөлінді – ақпараттық және ғылыми-әдістемелік жұмыс үшін әлеуметтік даму институтының қызметін қамтамасыз ету. 2020 жылы бұл бағытта бөлінген сома екі есеге азайып, шамамен 277 миллион теңге көзделді. Оған себеп – пандемия жағдайында көптеген іс-шара онлайн форматқа көшірілді, сәйкесінше сома да азайды», - деп түсіндірген еді министрлік.

Жақында, аталған бағдарламаға жауапты «Қазақстанның әлеуметтік даму институты «Рухани жаңғыру» коммерциялық емес акционерлік қоғамы «Қазақстан әлеуметтік даму институты» коммерциялық емес акционерлік қоғамы болып өзгерді. Яғни, институт атауынан «Рухани жаңғыру» тіркесі алынып тасталған. Әзірге аталған институт оның себебін түсіндірген жоқ.

БАҒДАРЛАМА НӘТИЖЕСІ КӨБІНЕ АКЦИЯ, ФОРУМ, ЖИЫН, КОНКУРС ӨТКІЗУ ДЕП КӨРСЕТІЛГЕН

Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитет төрағасы Әлихан Байменовтің айтуынша, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен «Рухани жаңғыру» бағдарламасында бірқатар құнды бағыт көрсетілген. Мысалы, әлемдік озық ой, дүниетаным, ғылыми кітаптарды қазақ тіліне аудару немесе тарихымызға қатысты деректерді анықтау үшін шетелдік мұрағат және мұражайлармен жұмыс істеу, ұлттық спортқа қатысты және т.б.

«Сонымен қатар, бірнеше қағидалы кемшіліктерді де көруге болады. Біріншіден, мақаладағы кейбір маңызды идеялар бағдарламада лайықты көрініс таппаған. Екіншіден, бағдарламада атқарылатын жұмыстардың нәтижесі ретінде өлшенетін не өлшенбейтін нақты көрсеткіштер анықталмаған. Соның салдарынан оның нәтижесі көбіне акция, форум, жиын, конкурс өткізу деп көрсетілген. Ал бұл әрекеттен не ұтамыз? Олар бізге не береді? Бұл сұрақтарға жауап айқын емес. Содан болар, көпшіліктің жадында мазмұнды істерден гөрі көшедегі билбордтар қалған сияқты. Ал бағдарламаның эмблемасына конкурс жариялап, оны дербес шараға айналдырып жіберу тіпті ерсілеу секілді көрінді», - дейді Әлихан Байменов.

Оның айтуынша, руханият туралы айтқанда, ең бастысы құндылықтарға маңыз берілуі тиіс еді. Ол туралы бағдарламада айқын ешнәрсе жоқ. Біз қандай құндылықтарды дәріптейміз? Заман талабына сай қоғам бәсекеге қабілетті болу үшін қандай құндылық қажет және оны қалай іс жүзінде ақпараттық, ағарту және білім беру жүйелері арқылы жүзеге асыра аламыз? Осы сауалдарға бағдарламада нақты жауап жоқ.

«ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ ҚАНДАЙ КІТАПТЫҢ АУДАРЫЛУЫ КЕРЕК ЕКЕНІН МАМАНДАР ЖАҚСЫ БІЛЕДІ, МИНИСТРЛІК ЕМЕС...»

«Назар аударатын тағы бір мәселе – мақалада қажетті құндылықтарды сіңіру арқылы «Рухани жаңғыру» адамның рухын оятып, қажетті құндылықтарға баулу арқылы Қазақстан азаматының мүшесі ретінде әлеуетін арттырып, бәсекелестікке қабілеттігін дамытуға бағытталған деп айтылады. Алайда, бағдарламаның мазмұнына мән берсек керісінше қоғам мүшесі, азамат және кәсіп иесі мемлекеттің көлеңкесінде қалып қойған. Мысалы, тіпті нағыз қазақтың қажетіне сай келетін гуманитарлық бағыттағы әлемнің ең үздік оқулықтарын қазақ тіліне аударған «100 жаңа оқулық» жобасын іске асыру үшін де мемлекеттің басшылығымен ұйым құру көзделген. Ұлттың қажетін өтеу үшін мұндай өте ауқымды істі мемлекет құрған ұйым атқара алмайды. Себебі, қазақ тіліне жылына 100 емес, мыңдаған кітап аудару керек.

Сондықтан мемлекет қатысуымен ұйым құрудың орнына мемлекеттің қолдауымен қазақ тіліне кітап, мәтін, бейне және аудио материалдарды аударамын деген кез-келген адамның еңбегін тиімді де пайдалы қылатын жүйе құру керек болады. Мысалы, мен – автомобиль транспортының инженерімін және мемлекет басқару саласының маманымын. Осы салаларда қандай кітаптардың қазақ тіліне аударылуы қажет екенін осы саладағы мамандар жақсы біледі. Мысалы, биомедицина саласында қазақ тіліне қандай кітаптар аударылу керектігін Күнсұлу Закарья, математика бағытында Асқар Жұмаділдаев жақсы біледі. Ал оны Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі немесе Мәдениет және спорт министрлігі және оларға қарасты мекемелер білмейді», - дейді Әлихан Байменов.

Оның пікірінше, аударылуы тиіс 100 кітаптың тізімін мемлекет жасамауы тиіс. Қандай маман өз саласында қандай кітаптарды аудару қажет деп есептейді соларға субсидия, тарифтік салықтық жеңілдік беру керек болатын. Әлемдік үлгі – осындай. Яғни концептуалдық түбегейлі қайшылық болып отыр. Қоғамның әлеуетін көтеруге бағытталған бағдарламаның мазмұны бастапқы идеядан ауытқып, «мемлекет қоғамды қадағалап отырады», «мемлекет қана жасай алады» деген тұжырымға бұрылып кеткен.

ҚОҒАМ ӘЛЕУЕТІНЕН ГӨРІ МЕМЛЕКЕТ ЫҚПАЛЫН САҚТАУҒА МАҢЫЗ БЕРІЛГЕН

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы шын мәнінде құндылықтарға негізделуі керек еді. Біздің қоғам көзі ашық, өз құқығын жақсы білетін, мемлекет алдындағы жауапкершілікті сезінетін патриот азамат, әлеуеті мықты маман, кәсіпкер тәрбиелейтін болсақ, мемлекеттік бюджет есебінен қаржыландырылатын ақпараттық жұмыс осы бағытта болуы тиіс. Ал қазір мемлекет қаржыландыратын арналардағы бағдарламалар осы талаптарға сәйкес пе? Бұл ақпарат саласы мен бағдарламаның мақсат-міндеті арасында ешқандай байланыстың жоқ екенін көрсетеді», - дейді ол.

Әлихан Байменов бағдарламаны жүзеге асыруда кейде табандылық пен бірізділік жетіспейтінін айтады. Бұл мысалы, бағдарлама аясында қолға алынған маңызды жобалардың бірі – латын әліпбиіне көшу ісінде анық байқалған.

«Бұл жобаны аса қажет әрі орынды деп санаймын. Бірақ алғашқы қадамнан-ақ тілге қатысы жоқ факторлардың тіпті әліппеге әсерін көрдік. Рухы деген сөзде «у» әрпінің латыншасын қисынсыз үлгіде жазу ғалымдардан шыққан жоқ деп ойлаймын. Ендеше сол кездегі басшыға ата-тегінің паспорттағы ағылшынша жазылуы қазақ тілінің латын ғарпіндегі үлгісіне сай өзгермейтінін ешкім түсіндірмеген ғой. Нәтижесінде көпшіліктің көңілінен шықпайтын жоба ұсынылды. Айтпақшы, «Мәңгі Ел» орнына «Мәңгілік Ел» деп жазылып кеткені де осындай себептерге байланысты шығар. Мәңгілікті пайдаланғысы келсе, «Мәңгілік Елі» болу керек еді. Жалпы менің бір байқағаным, бізде руханият пен мәдениеттің аражігін ашпай, кейде бір ұғым секілді пайдалана береді. Екіншіден, бағдарламаға жауаптылар мазмұннан гөрі формаға, адам, қоғам әлеуетінен гөрі мемлекет ықпалын сақтауға назар аударып кеткен секілді», - дейді Астана мемлекеттік қызмет хабының Басқарушы комитет төрағасы.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы туралы қарасы қалың көпшіліктің пікірі жағымды деп айта алмаймыз. Алғашқы бағдарламада кеткен олқылықтар мен кем-кетік тұстарды «Ұлттық рухани жаңғыру» бағдарламасына жетекшілік ететін Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ескереді деген үміттеміз.

Сізге қызықты болады