Астанада митинг ұйымдастырғаны үшін белгілі кәсіпкер Марат Әбиевке қатысты сот шешімі шықты, деп хабарлайды Qonaev.info.
Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Марат Әбиевке қатысты екі іс қаралған.
«Астана қаласының Әкімшілік құқық бұзушылық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты М.Ж. Әбиевті құқықбұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп танылды және екі құқық бұзушылық бойынша 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алу түріндегі жаза тағайындалды», - делінген хабарламада.
Құзырлы орган әкімшілік құқықбұзушылық туралы екі хаттама толтырған:
Іс материалдарына сәйкес, 2022 жылғы 26 қарашада М. Әбиев Астана қаласының жергілікті атқарушы органының рұқсатын алмай, Қорғалжын тасжолы бойында митинг ұйымдастырып, полиция қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынбаған.
М. Әбиев сотта мәлім еткендей, ауыл шаруашылығын дамыту жобасын ертерек қарауға ел басшылығының назарын аудару мақсатында бейбіт митинг ұйымдастырған. Сондай-ақ ол бейбіт жиналысқа дейін ешқандай заңға қайшы әрекет жасамағанын және митинг өткізу туралы бір күн бұрын қала әкіміне хабарлағанын айтқан.
Сонымен қатар соттың ақпаратында М. Әбиев әкімшілік құқық бұзушылық бойынша кінәсін мойындамағаны айтылған.
«Прокурор соттан оны кінәлі деп тануды және 15 тәулікке қамауға алуды сұрады. Қазақстан Республикасы заңнамасының нормаларына сәйкес пикеттеу, жиналыс, митинг формасында бейбіт жиналыстар өткізу туралы хабарламаны ұйымдастырушы жергілікті атқарушы органға ол өткізілетін күнге дейін 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жеткізуі керек», - деп хабарлайды қалалық сот.
Бірінші факті бойынша М. Әбиев жергілікті атқарушы органға хабарлама бермегені анықталды. Осылайша, ол бейбіт жиналыстарды ұйымдастыру мен өткізудің белгіленген тәртібін бұзған болып танылады.
Екінші факті бойынша: М.Әбиев полиция қызметкерлерінің тәртіпті сақтау туралы бірнеше рет жасаған үндеуін елемей, рұқсат етілмеген шеруге қатысуды тоқтатудан бас тартқаны видеожазбадан көрінеді.
Сотта М.Әбиевтің кінәсі фактілей дәлелдермен, әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттаманың нақты мәліметтері, видеожазба және басқа да материалдармен дәлелденді.
ӘҚБтК-нің 488-бабы 7-бөлігінің санкциясы айыптыға 15 АЕК көлемінде айыппұл салу немесе 15 тәулікке дейін қамауға алуды қарастырады.
ӘҚБтК 667-бабының 1-бөлігінің санкциясымен 30 АЕК көлемінде айыппұл немесе 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделеді.
«Астана қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты М.Ж. Әбиевті жоғарыда аталған құқық бұзушылықтарды жасағаны үшін кінәлі деп таныды және екі құқық бұзушылық бойынша да үкім шығарып, 15 тәулікке қамауға алу жазасын белгіледі», - делінген хабарламада.
Қаулылар заңды күшіне енген жоқ.
Еске салайық, 26 қарашада Астана полициясы қаладағы заңсыз шеруді тоқтатты. Тәртіп сақшыларының айтуынша, түнгі клубтардың бірінде жастарға арналған мәдени шара ұйымдастырылған. Ұйымдастырушының 300-ге жуық жасты ұйымдастырған кәсіпкер екені белгілі болды.