23-қараша күні «Қазфосфат» ЖШС-де болған жағдайға байланысты облыс басшылығының, тиісті орындардың және серіктестік қызметкерлерінің қатысуымен жұмысшы топ құрылып, кездесулер өтті.
Кездесуде жұмысшылар тарапынан еңбек қатынастары бойынша 14 мәселе көтерілген. Олардың қатарында: іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізу, айлықты көтеру, емдеу, сауықтыруға қаражат қарастыру, цехтардағы зиянды жұмыстар бойынша теңсіздікті қарастыру, арнайы жұмыс киімді мерзімінде ауыстыру және сапасын жоғарылату, жұмысшыларды тасымалдау орындарын ұлғайту, жақсы әрі сыйымды көліктермен қамту және тағы басқа сауалдар қаралды.
Қабылданған шараларға сәйкес жұмысшалырдың қажетті материалдарын қалаған тілінде беру мәселесі қатаң бақылауға алынады.
«Казфосфат» ЖШС қызметкерлерінің айлық жалақысы 2021 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10%-ға, 1 шілдесінен бастап 15%-ға көтеріліп (орташа 216,5 мың теңге), 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағы да 10%-ға және 1 шілдеде 10%-ға көтерілген.
«Бүгінгі күнге орташа айлық көлемі 255,9 мың теңгені құрайды. Сонымен қатар, осы жылдың желтоқсан айында 13-ші айлық жалақы (100% көлемінде) барлық қызметкерлерге беріледі. Айта кетейік, 2021 жылдың 13-ші айлығы 2022 жылдың қаңтар айында берілген.
Ендігі кезекте, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап ЖШС қызметкерлерінің жалақысы 50 мың теңгеге, 1 шілдесінен бастап 30 мың теңгеге. көтеріледі және 2024 жылдан бастап шынайы инфляция құнын ескере отырып, жалақыға қосымша жыл сайын қосылып отырады»,-делінген ведосмтво таратқан мәліметте.
Жергілікті әкімдіктің Еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, бұдан бөлек, компания қызметкерлерін емдеу, сауықтыруға жіберу бойынша келесі жылдан бастап 4 санаторимен келісім-шарт жасалады. ЖШС-нің «Коктал» санаториіне қосымша 5 санаторий ұсынылады.
2023 жылдан бастап компанияның барлық өндірістік цехтары қайта аккредитациядан өтіп, заңнама талаптарына сәйкес цехтар жұмысшыларына зиянды жұмыс жағдайы бойынша өтемақы жаңадан бекітіледі. 2023 жылдың қаңтар айынан қосымша жаңа автобустармен жұмысшыларды тасымалдау мәселесі шешіледі. Осы жылдың соңына дейін жұмысшыларды зауытқа алып кететін қосымша аялдамалар маршруттарға қосылады.