Байзақтағы жарылыстан кейін із-түзсіз жоғалған сержанттың сүйегі табылды

Азамат Ахметов
Фото: ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен

Байзақ ауданындағы әскери қоймадағы жарылыс кезінде із-түзсіз жоғалып кеткен сержанттың денесі табылды.

Жамбыл облысындағы №28349 әскери бөлімі өрт сөндіру қызметінің командирі, кіші сержант Бауыржан Дәуітбаев сүйегінің қалдықтары табылды. Оны бөлімнің әскери қызметшілері іздеу жұмыстары барысында тапқан. Молекулярлық-генетикалық сараптама қалдықтың Бауыржан Дәуітбаевқа тиесілі екенін көрсетті.

«Жоғалған әскери қызметкердің сүйегінің қалдықтары мен қандас туыстарының ДНК талдаулары толығымен сәйкес келді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес марқұмның отбасына жерлеу шығындары, атқаратын лауазымы бойынша бес жылдық ақшалай қаражат мөлшерінде біржолғы өтемақы төленеді. Сондай-ақ, тұрғын үй сатып алу үшін төлем қарастырылған. Оның мөлшері әскери қызметші қызмет еткен аймаққа және отбасы мүшелерінің санына байланысты. Сонымен қатар, марқұмның балаларын оқытуға және жұмысқа орналастыруға, сондай-ақ басқа да мәселелерді шешуге көмек көрсетіледі», - деді ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Іздеу жұмыстары Байзақ ауданындағы оқ-дәрі қоймаларындағы өрт пен жарылыстардан кейін 2021 жылғы 26 тамыздан бастап жүргізілді. Марқұмның денесіне тиесілі сүйек қалдықтарын жерлеу бүгін өтеді. Марқұмның артында кәмелеттік жасқа толмаған 5 баласы жетім, әйелі жесір қалды. Бауыржан Дәуітбаевтың кенжесі әкесі қайтыс болған соң дүниеге келді. Туыстары кенже ұлдың атын әкесі аман-есен табылсын деген ырыммен Амангелді деп қойған еді.